Маңғыстаулықтар тұрмысы төмен отбасыларға асарлатып үй салып беруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаулықтар тұрмысы төмен отбасыларға асарлатып үй салып беруде

26.07.2019

Маңғыстаулықтар асарлатып баспана тұрғызып жатыр. Аз қамтылған отбасыларға арналған тұрғын үйдің құрылысы Шетпе ауылында бой көтерді. Небәрі 10 күннің ішінде көпшіліктің көмегімен іргетасы қаланып, қабырғалары тұрғызылды. Игі бастамаға көрші ауылдардың тұрғындары да атсалысуда.

Шетпеліктер асарға қатысып, ауызбірлік танытты. Бірі тас әкеліп төксе, енді бірі топырақ пен цемент алып берді. Кәсіпкерлер есік-терезе, басқа да қажетті материалдармен қамтамасыз етті. Ал, ауыл тұрғындары құрылысқа кезектесіп атсалысуда.

Абыл Несіпбаев, Шетпе ауылының тұрғыны:

Мен осы Шетпе ауылының тұрғынымын. Асарды естігелі осы жердің басы-қасында жүрмін. Күн сайын ағаларыма көмектесіп, студент болғасын жазғы демалысымды тиімді пайдаланайын деп шештім. Құрылыстың 60 пайызы бітіп қалды.

Асарға, әсіресе, ауыл жастары белсенді қатысуда. Бос жүрген ешкім жоқ. Тіпті ұсақ балалар да құрылысшыларға салқын су тасып, бәйек боп жүр. Көрші ауылдың тұрғындары да қайырымды істен сырт қалмады.

Балғабек Қалыңбаев, Ақшымырау ауылының тұрғыны:

Ақшымырау ауылының тұрғыны Жолдасов Серік деген жігіттің қаржылай көмегін аманат ретінде әкеліп тұрмын. Өзімнің де қаржылай көмегім бар.

Құрылыстың аяқталуын тағатсыздана тосып жүргендердің бірі – Білжановтар отбасы. Көпбалалы жанұя жүйке ауруына шалдыққан жақындарымен бір шаңырақта тұрып келген.

Жұлдыз Оңайбаева, Шетпе ауылының тұрғыны:

Амалсыздан тұрып жатырмыз осы үйде, 2 қайным бар ауыратын, жолдасым да ауырады.

Жұлдыздан өзге тағы үш отбасы жаңа баспанаға ие болмақ. Аз қамтылған отбасыларға қарайласып жатқан өңірдегі қоғамдық қор. Жетекшісі - Жанна Аманқұлова. Ол қиын жағдайда өмір сүріп жатқан жанұялардың жағдайымен етене таныс.

Жанна Аманқұлова, жоба жетекшісі:

Әкім, «Nur Otan» партиясы қолдап, жер алуға, құрылыс материалдарын түсіруге бірден көмектесті.

Тұрғын үйлерге жарық, газ және су бірден тартылмақ. Әр отбасыға тұрмысқа қажетті заттар да беріледі.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Тұрғын үйдің қабырғалары қаланды. Бүгін төбесін жабу жоспарда. Оған қажетті шатырды да ауылдың бір кәсіпкері алып берді. Осы қарқынмен жалғаса берсе, тұрғын үйдің құрылысы тамыздың соңында аяқталады. Демек, баспананы асыға күткен отбасылар 1 қыркүйекте осында қоныс тойын тойлайды.

Хабарламаларға жазылу