Алматы хайуанаттар бағында кейінгі екі айда 6 жануар белгісіз себептен қырылып қалған. Жыртқыштардың жұқпалы вирусты қайдан жұқтырып, неден уланғаны әзірге белгісіз.
Кейінгі кезде басынан дау арылмаған зообақта бірнеше басшы ауысқаны белгілі. Ал жануарлардың өлімінен соң мекеме қызметкерлері жұмыстан қуылған. Сондықтан жануарлардың жаппай қырылуының негізгі себебін ешкім түсіндіріп бере алмай отыр. Арнайы комиссия да құрылған. Ветеринарлық комиссия арыстан, керіктер, бұлан мен жолбарыстың неден өлгенін анықтады. БҰҰ Даму бағдарламасының биоалуандық бойынша сарапшысы, комиссия төрағасы Константин Плаховтың айтуынша, зообақтың ветеринарлық қызметінде бірқатар заңбұзушылық болған.
Вячеслав Банщиков, хайуанаттар бағының директоры:
Мәселенің тереңіне үңілсек, 1,5 айда үлкен жұмыс істелді. Жаңа валердің құрылысы жүріп жатыр. Аумақты абаттандырып жатырмыз. Дегенмен, маған дейін атқарылған жұмыстарда кеткен қателік болған. Жалпы біз түсінуіміз керек, жануарлардың өлімі болып тұрады. Одан ешқайсысы қорғалмаған.Тек, оның себептерін дұрыстап анықтау қажет. Комиссия осы бағытта жүйелі жұмыс істейді деген үміттемін.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ