Өскеменде қоғамдық көліктегі жеңілдіктерге қатысты дау басылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде қоғамдық көліктегі жеңілдіктерге қатысты дау басылмай тұр

26.07.2019

Өскеменде қоғамдық көліктерде жеңілдіктердің жойылуына қатысты дау басылар емес. Шілде айының басында жолаушылар тасымалдайтын үш компания бірінен соң бірі 7-ден 15 жас аралығындағы балалар мен зейнеткерлерге арналған жолақыдағы 50 пайыздық жеңілдікті алып тастаған. Автопарк басшылары бұл әрекеттерін шығындардың көптігімен, субсидияның болмағанымен түсіндірді.

Қалалық әкімдік осы 3 компанияны көлік туралы заңды бұзды деп айыптап, олармен келісімшартты біржақты тоқтату туралы шешім қабылдады. Олардың орнына жолаушыларға бұрынғыдай жеңілдік ұсына алатын басқа тасымалдаушы мекемелермен келіссөз жүргізіп жатқандарын жеткізді. Сөйтіп, тамыз айының ортасына дейін қоғамдық көліктегі жеңілдік мәселесін қайтадан қалпына келтірмек. Ал автокөлік тасымалдаушылар келісімшартты біржақты бұзу заңсыз деген пікірде. Олардың айуынша, билік өкілдері ашық диалог құрып, қоғамдық көлік бойынша қордаланған мәселелерді талқылаудан тартынып жүр.

Николай Масич, облыстық автокөлік тасымалы қауымдастығының төрағасы:

Біз диалог құруға шақырып отырмыз. Бізбен сөйлесуді сұраймыз. Мысалы, соңғы 9 айдан бері қала әкімімен кездесе алмай жүрміз. Біраз уақыттан бері хат жазып, бұл жағдай қоғамдық тасымалдың жұмысында кері әсер ететінін, жеңілдіктерді алып тастауға мәжбүр болатынымызды айтып келеміз. Осы сұрақтарды бірігіп талқылау керек.

Тамара Рахимжанова, қала әкімінің орынбасары:

Біз бұл тасымалдаушы компаниялардың жұмысындағы көп кемшілікке көз жұмып қарадық. Бірақ оған қарамастан балалардың жол жүру билетіне жеңілдік жасаудан бас тартты. Осыдан соң ол автопарктерге келісімшартты бұзу туралы хабарлама жібердік. Ал жаңадан келісім жасайтын тасымалдаушы компаниялар балалар мен зейнеткерлерге жеңілдікті қайтаратын болады.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу