Павлодардағы кәсіпорын мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодардағы кәсіпорын мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде

26.07.2014
Павлодардағы кәсіпорын мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде

Павлодардағы ірі кәсіпорындар өндірісті шетелдік озық тәжірибеге сүйеніп, дамытпақ.

Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге «Аға сеньорлар» деп аталатын жоба бар. Сол арқылы шетелдік мамандарды шақыртып, біраз шаруаны ширатып алуға болады.

Жіксіз темір құбырлар шығаратын алғашқы зауыт Павлодарда ашылған болатын. Кәсіпорын жылына 100 мың тоннаға дейін өнім шығара алады. Әзірге жобалық қуатының 25 пайызы көлемінде ғана жұмыс істеп тұр.

Манарбек Күлетов, цех басшысы:

Біз айына 1,5 мың тонна құбыр шығарамыз. Соның 20 пайызы Ресей Федерациясына экспортқа шығарылады.

Бұл кәсіпорын да өндірісті дамытудың сан-саласын қамтитын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатыр.

Сол бағдарламаның бір тармағы «Аға сеньорлар» жобасы. Ол халықаралық компаниялардан жұмыс тәжірибесі мол кәсіби мамандар шақыртуды қамтиды.

Канадалық сарапшы Ричард Хаден зауытқа келгелі екі күн болды. Ол металлургия ғылымының докторы.

Ричард Хаден, «Аға сеньорлар» жобасының сарапшысы:

Әлем бойынша бұл саладағы кәсіпорындар біркелкі жұмыс істейді, деуге болады. Бірақ, технология әртүрлі. Сондықтан Қазақстан мен Канаданың үкіметі бірлесіп жұмыс істеуге шешім қабылдағаны құптарлық.

Мен бір апта ішінде бұл кәсіпорынның өндірістік сараптамасын жасап беремін. Яғни, даму  бағыты белгілі болады.

Қазір зауытта 80 адам жұмыс істейді. 30 жылдай жіксіз құбырлар шығару бойынша тәжірибе жинақтаған шетелдік  сарапшы  инновациялық бағытта өнімділікті ұлғайтудың жаңа стандарттарын жасап беруге бел буды. Егер ол іске асатын болса 170 адамға жаңа жұмыс орны ашылады.

Болат АМАНБАЕВ

 

Хабарламаларға жазылу