Ақтөбеде былтыр ғана пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйдің сапасы сыр берді. Қабырғалары жарылып, кірпіштері үгіліп жатыр. Ал тұрғындар болса, бала-шаға жазым бола ма деп алаңдайды. Бұл олқылықты кім түземек? Жергілікті билік не дейді?
Жақсыбек Кемал, тілші:
Жаңа үйдің қазіргі сыйқы осы. Ғимарат төбесінің бір бөлігін құрылысшылар амалсыз қайта бұзып тастаған. Мінекей, өздеріңіз көріп тұрсыздар, кірпіштер оңай алынып қалып жатыр.
Бес қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің 80 пайызына жұрт қоныстанып үлгерген. Ғимарат қала орталығында орналасқандықтан, әрлі-берлі өткен жүргіншілерге қауіп төндіріп тұр. Себебі кірпіш сынықтары жерге құлап жатыр.
Гүлназ Берікқызы, қала тұрғыны:
Былтырдан бері тұрып жатырмыз. Мұндай болады деп ойлаған жоқпыз. Төбесі опырылып жатыр. Баламен далаға шығудан қалдық. Өте қауіпті. Не істерімізді білмей отырмыз.
Баспаналарына миллиондап қаржы салған тұрғындар, «сатып аларда үйдің ақауы барын білмедік»,- дейді. Тұрғын үй қала орталығында орналасқандықтан әрі астында көлік тұрағы болғасын жұрт қызыққан. Алайда қуанышымыз ұзаққа созылмады деп ашынады. Бұл үйдің шатырынан басқа да ақауы жетерлік екен.
Дания Есентайқызы, қала тұрғыны:
Үйдің қабырғаларында жарық бар. Балконда да, төбесінің бәрі түсіп жатыр. Бұл үйде ақау өте көп екен. Судан бөлек, тіпті светке дейін. Осы ақаудың барлығы жойылса екен деген ниеттеміз.
Басынан дау кетпеген баспана жергілікті құрылыс компаниясы салған алғашқы көп қабатты үй екен. Тұрғын үйдің сапасы сыр бергенін жергілікті билік біледі. «Олқылықтарды жою үшін тұрғындар әуелі арыз жазуы керек»,- дейді әкімдіктегілер.
Таңат Шегебаев, Облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
Құрылыс компаниясының басшысымен сөйлестім. Ол кісілер қазір айналысып жатырмыз, 1-2 аптада бітіреміз деген уәде берді. Бірақ оның бәрін тексеріс жүргізу керек. Бітіру деген оны жасап тастау емес, технологияға сай, құрылыс заңнамасына сай, бәрін қалпына келтіру керек.
Жаңа үйдің қабырғасы неден сыр бергенін енді мамандар анықтайды. Егер құрылыс компаниясының кінәсі дәлелденсе, олар айыппұл төлеп құтылуы мүмкін. Әйтсе де компания дәл осы үйге жапсарлас тағы бір көпқабатты үйдің құрылысын бастап жатыр.
Жақсыбек КЕМАЛ