Елімізде халал таңбасымен тауар саудалау толық талапқа сай жүргізіліп отырған жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде халал таңбасымен тауар саудалау толық талапқа сай жүргізіліп отырған жоқ

30.07.2019

Елімізде «Халал» таңбасымен тауар сату толық талапқа сай жүргізіліп отырған жоқ. Жалпы отандық нарықта бұл ұғым пайда болған 2005 жылдан бері үкімет деңгейінде мүлдем реттелмеген. Салдарынан халал сертификатын беретін мекемелер өз бетінше ұйғарым жасайды. Бірін-бірі мойындамайды. Қазіргі таңда елімізде мұндай 5 үкіметтік емес ұйым бар. Яғни бірыңғай стандарттау жүйесін қалыптастыратын кез келді. Кей компаниялар, тіпті заңды тұлға ретінде тіркелмей де жұмысын жүргізе береді екен. Сондай-ақ аралас өнім дайындайтын кәсіпорындар да құзырлы органдардан еш қиындықсыз рұқсат қағазын алып отыр. «Тауарға сертификат алу уақытында өнім қоспасының тексерілетіні де күмәнді»,-дейді мамандар.

 

Ерлан Байдәулет, Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Ислам ұйымы бас директорының міндетін атқарушы:

Сертификаттау мәселесі қазір жеке бизнес болып тұр. Ұлттық орталық ашу керек. Орталық жеке компанияның істеп отырған жұмысын реттеу керек.

 

Ал негізі азық-түлік қауіпсіздігі дегеніміз — халал өнім тұтыну.  Мұны мұсылман емес мемлекеттер жақсы біліп, жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Бүгінде әлем бойынша 78 пайыз халал тауарын солар өндіріп сатады. Мәселен, Бразилия бір жылда экспорттан 5 миллиард доллар тапса, Үндістан – 2 миллиард, Австралия – 1,8 миллиард доллар пайда көрген. Ал елімізде, сыртты айтпағанда, ішкі нарықтың өзінде тапшы. Сонымен халал төңірегіндегі мәселелер түгенделіп, Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 33 мемлекет бірлесіп әрекет етпек. ТМД бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, жол картасы жасалады.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

 

Хабарламаларға жазылу