Таразда нанның бағасы 5 теңгеге қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда нанның бағасы 5 теңгеге қымбаттады

31.07.2019

Қазір қаладағы дүкен сөрелерінде бөлке нан 75 теңгеден қойылған. Бұл туралы Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары мәлімдеді. Айтуларынша ақпан айында тұрақтандыру қоры наубайшылардың бағаны көтеруге қатысты сұранысын орындай алмады. Сондықтан, олар 94 теңгеден алынған қордағы 4300 тоннадан астам ұнды наубайханаларға 85 теңгеден беруге мәжбүр болды. Осылайша облыстық қор төмендетілген бағада ұн таратқаны үшін 40 млн теңгеге жуық шығынға ұшыраған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін нан бағасын өсірген. Бүгінде Таразда 8 наубайхана бар десек, олар күніне 104 мың бөлке нан шығарады. Олардың ай сайынғы ұнға деген сұранысы 1300 тонннадан асады.

Марс Сейдібаев, Жамбыл облыстық АШБ азық-түлік мониторингі бөлімінің басшысы:

Бүгінгі күнге дейін тұрақтандыру қоры 38,8 млн теңге шығындалды. Бұл шығындарды одан ары ұлғайтпау мақсатында біз нан бағасын 5 теңгеге өзінің нарықтық деңгейіне жеткізуді көздеп отырмыз. Бүгінгі күні бидай бағасы тұрақталды. Біз нақты білеміз нан бағасы 75 теңге деңгейінде болады. Бидай бағасы өзгермейді, солтүстіктен жеткізілген құнымен бірге тұрақты 70 теңгеден аспайды.

Айта кетейік, былтыр күзде Тараздағы наубайшылар нан бағасын 10-15 теңгеге көтеруді сұраған болатын. Алайда, атқарушы билік тек ақпан айында ғана нанды 5 теңгеге көтерді. Бұған наубайшылар қанағаттанбаса да шамалы көтергеніне көнген болатын. Бұл жолы бөлке нан бағасын жергілікті биліктің өзі өсіріп отыр.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


 

Хабарламаларға жазылу