Арыста қалпына келтіру жұмыстарының басталғанына 1 айдан асты. Содан бергі уақытта не өзгерді? Қандай жұмыстар атқарылды? Апаттан зардап шеккен қаланы қалпына келтіру жұмыстарының барысын көру үшін Үкімет басшысы Асқар Мамин бүгін қалаға тағы барды. Әскери қалашықтың айналасын, қирап қалған тұрғын үйлердің қазіргі жағдайын, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілердің жай-күйімен танысты. Одан соң қаланы қалпына келтіру жұмыстары бойынша жауапты тұлғалармен кеңесті.
Премьер-Министр алдымен әскери қалашыққа табан тіреді. Тікұшақпен ұшып жеткен Үкімет басшысын мұндағылар аяғынан тік тұрып қарсы алды. Қорғаныс министрлігінің өкілі не істеп, не тындырғандарын тәптіштеп түсіндірді.
Руслан Шпекбаев, Штаб басшысының орынбасары, генерал -майор:
Үш бағыт бойынша темір жол желілері, атап айтсақ, Арыс-1, Арыс-2 станциялары, 11 шақырым темір жол бойы жарылғыш заттардан тазартылды. Инженерлік- саперлік топтар қала маңын сүзіп шығып, 20 шақырым қашықтықтағы аумақты снарядтардан тазартты.
Үкімет басшысы Қорғаныс министрлігіне қоймадағы қару-жарақты қаладан көшіруді жүйелеп, облыс әкімдігімен бірлесіп, әскери қалашық маңындағы үй-күйсіз қалған 58 отбасының мәселесін шешуді тапсырды.
Премьер-Министр Көктем-2 шағын ауданындағы Иван Журба атындағы мектепке соқты. Білім ұясы жарылыс ошағынан 100 метр жерде орналасқан. Күрделі жөндеу аяқталып, сырлау, әрлеу жұмыстары ғана қалған. Әлеуметтік нысандарға жауаптылар қалалық аурухана мен темір жол вокзалының да құрылысын 21 тамызда аяқтауға уәде етті. Зақым келген кәсіпкерлік нысандары да қалыпқа келіп жатыр. Мәселен, бір ай бұрын мынадай күйде жатқан сауда үйі жаңадан бой көтеріп жатыр.
Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:
Аптап ыстық... Ол аздай жел құтырып, құм суырып тұр. Зақым келген ғимараттардың шытынаған шынылары ұшып, шатырлар жалбырап тұр. Осындай экстремалды жағдайда құрылысшылар жұмыс істеп жатыр... Бұл — бір ай бұрынғы репортаждан үзінді еді. Бүгінде, ыстық та, жел де басылған. Ал мына 90 пәтерлі 2 үйдің жалбыраған шатыры жамалып, есік-терезелері бүтінделіп, іші- сырты әдемі болып әрленіп қалыпты.
Жарылыстан зақым келген 7516 үйдің 6611-і, яғни 90 пайызы жөнделіп бітті. Мына кадрлар соған дәлел. Бір ай быт-шыты шығып жатқан көп үйдің бас-аяғы бүтінделіп қалды. Қалған 905-інің құрылысы 10 шақты күнде аяқталады. Жауаптылар, «Көпқабатты 67 үйдің жұмысы тамыздың жиырмасына қарай тамамдаймыз»,- деді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министр:
Бір айда ауқымды іс атқарылды...
Үкімет басшысы ісі өнбей, сылбырлық танытқан секторға, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысы штабтарына құрылыс қарқынын күшейту тапсырды.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ