Қызылорда облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында Арыс қаласынан келген 150 бала демалып жатыр. Мұнда тынығушылар әр күнін қызықты, әрі тиімді өткізуде. Күн сайын медициналық тексеруден өтеді, әлеуметтік педагогтар психологиялық қолдау көрсетеді.
Қаратаудың қойнауында орналасқан демалыс орны тамылжыған табиғатымен ерекшеленеді. Сылдырап аққан бұлақ, жасыл құрақ, саф ауа әдемі әсерге бөлейді. Күн сайын әртүрлі шара. Ән, би, көңілді көріністер, ойындар. Балалар мәз-майрам.
Мұнда робототехника, шахмат, теннис, бейнелеу өнері секілді 6 үйірме жұмыс істейді. Балғындардың уақытын тиімді өткізу үшін көшпелі театр келіп, қойылым қояды.
Майра Мелдебекова, Облыстық білім басқармасының басшысы:
Бұл жерде тек тынығу ғана емес, сонымен қатар балалар өзіміздің, ауданның Қаратаудың бөктеріне барып, демалатын болады. Сонымен қатар экскурсиялар болады. Тарихи жерлерге апарамыз. Сығанақ, Сауран жерлеріне барып, танысатын болады.
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов та арыстық балалармен кездесті. Олардың жақсы демалуы үшін барлық жағдай жасалады.
Балаларға мазмұнды кештер ғана ұйымдастырылып қоймай, сый-сияпат та көрсетіліп жатыр. Сыр бойындағы 20 күн Арыстан келген жеткіншектердің есінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ