Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы облысының Заречный кентінде орналасқан ЛА-155/8 колониясы қызметін тексерді. Министр қоғам белсенділерімен бірге сотталғандар өмір сүретін отрядтар мен камераларды аралап, олардың тұрмыстық жағдайымен танысты. Сондай-ақ медициналық-санитарлық көмек көрсету, тамақтандыруды ұйымдастыру және еңбекпен қамту мәселелерін қадағалады.
Колонияда бүгінгі күні 737 сотталушы бар. Еңбекке жарамды сотталғандардың саны - 426 адам. Министр азаматтық қоғам өкілдерімен бірге сотталғандардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдау барысында негізінен ұстау режимі, қылмыстық істер, тұрғылықты жері бойынша ауыстыру және құжаттандыру мәселелері бойынша 37 адам жүгінді.
Жеміс Тұрмағамбетова, «Адам құқығын қорғау хартиясы» Қоғамдық қорының атқарушы директоры:
Министрдің бұл әрекеті сөзден іске көшу керектігін көрсетті. Жағдайды өз көзімен көрген министр қандай проблема бар екенін білді. Сотталушылар тікелей өз сауалын қойып, оған нақты жауап алды. Бұл осы саланың дамуына үлкен үлес қосады деп сенемін.