Қазақстан мен Ресей шекарасында көліктер ұзын сонар кезекте тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Ресей шекарасында көліктер ұзын сонар кезекте тұр

12.08.2019

Батыстағы Қазақстан-Ресей шекарасының «Сырым» өткізу бекетінде тағы да ұзын сонар кептеліс пайда болды. Жүздеген көлік тәуліктеп кезекте тұр. Жүргізушілер тауарымыз бүлінетін болды деп дабыл қағуда. Бұған не себеп?

Бұл бекетте бір ай бұрын ғана он шақырымға созылған кептеліс орын алған еді. Міне, тағы 200-ге жуық жүк көлігі кезекте тұр. Сарыағаштық Андрей Матягиннің тұрғанына тәуліктен асқан. Жолға алып шыққан азық-түлігі де таусылыпты.

Андрей Матягин, жүргізуші:

Кептелістің салдарынан тауарды уақытылы жеткізе алмайтын болдым. Бұл бірінші рет емес. Үнемі осылай. Осы жерде тәуліктеп тұрамыз. Неге екені белгісіз.

Кептелістің себебін анықтау үшін мониторингтік топ шекараға арнайы келді. Былтырдан бастап Мемлекеттік кірістер департаменті бақылаудың жаңа жүйесін енгізген еді. Қазір жүк көлігін тек шекарашылар емес, салық инспекторлары да тексереді. Бірақ құзырлы орган құжатты қарауға 20 минут қана уақыт кетеді деп ақталады.

Мақсат Нұрахаев, облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:

Қазір сауда кезі. Шекарадан жүк көліктері көп өтеді. Сондықтан осындай жағдай туындап отыр. Бұл - маусымдық құбылыс.

Алайда мұндай жағдай қазан, қаңтар айларында да қайталанды. Мониторингтік топ шекара аумағында интернет желісінің жылдамдығы баяу екенін анықтады. Бұл да кептеліске сеп.

Айгүл Түркина, арнайы мониторингтік топтың жетекшісі:

Интернет сапасы нашар. Әрі тексеріс сандық жүйеге көшпеген. Әр құжатты компьютерде сканерлеп отырады. Ақпараттық дерекқор жоқ. Мүмкін салық инспекторларын бұл жерде отырғызбай, істі автоматтандыру керек шығар.

Бекеттен тәулігіне 700 жүк көлігі өтеді. Жолда бір ғана жолақтың болуы да кезекті күшейтіп тұр. Қазір жаңа бекет құрылысы жүріп жатыр. Өткізу жолы 8 жолаққа дейін көбеймек. «Сонда ғана жылда жыр болатын мәселе шешімін табар», - дейді сарапшылар.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу