Тарбағатай ауданында 27 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарбағатай ауданында 27 отбасы баспаналы болды

14.08.2019

Мемлекет қамқорлығының арқасында ауылдағы көп балалы отбасылар да баспанамен қамтылып жатыр. Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданында мұндай жұмыстар белсенді жүргізілуде. Өңірде жақында 27 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлаған. Үй-жай облыста құрылғын «Парыз» қорынан бөлінген қаржы есебінен алынып отыр.

Кітаптан бауырына көш туралы әңгімелеп отырған Әсем көштің не екендігін жақсы біледі. Өйткені отбасымен талай жылдан бері пәтерден-пәтерге көшіп жүрді. Жақында ғана мемлекеттің қамқорлығының арқасында өз үйлеріне қол жеткізді.  Төрт баланың анасы Балжан Сейілханова: «қиын күндер артта қалды»,- дейді. Ел қатарлы өмір сүріп, еңсеміз көтерілді деп риза.

Балжан Сейілханова, көп балалы ана:

Қуанып жатырмыз, шыны керек. Рахмет айтамыз, үкімет басындағы ағаларымызға. Осындай қамқорлық жасап жатқанына көп балалы аналарға. Бұған қоса балаларымыз тегін балабақшаға баратын болып жатыр.

Баспаналы болып, қуанышқа бөленіп жатқандарыңы тағы бірі Көкжыра ауылының тұрғыны Гүлмира Мұқаева. Тоғыз баланың анасы. Өз үйлері болмай, осы күнге дейін туған-туыс, ауылдастың үйін паналап келіпті. «Енді тегін баспанаға қолымыз жетті»,- деп қуанышында шек жоқ. 

Гүлмира Мұқаева, көп балалы ана:

Міне, он жыл болды тентіредім. Осы бала шағамның несібесі. Осы үйіме қуанышымда шек жоқ. Жәрдемақыны көбейткеніне де рахмет. 160 мың аламын.

Тарбағатай ауданында соңғы екі-үш айда 27 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлаған. Баспаналар облыста құрылған «Парыз» қорынан бөлінген қаржыға сатып алынған.

Серікқазы Садуақасов, Тарбағатай ауданының әкімі:

Сатып алу үкіметтен болғанмен де, таңдауды әр отбасының өзіне бердік. Одан кейін комиссия мүшелері қарап, сол бойынша үй иелеріне бөліп-бөліп бердік. Бүгінгі күні 17 ауылдық округ бойынша, азамат пен азаматшалар түгел сол үйлерде тұрып жатыр.

Жыл соңына дейін Тарбағатай ауданы бойынша баспана алуға өтініш берген тағы 85 отбасына үй әперу жоспарланып отыр. Жалпы Шығыс Қазақстан облысы бойынша қазірге дейін ауылды жерлерде үй кезегінде тұрған 236 көп балалы отбасы жаңа шаңырақтың иесі атанды. 

Ержан ЖАҚЫП

 

Хабарламаларға жазылу