«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысы, Райымбек ауданының орталығындағы мәдениет үйі жөндеуден өткізілді. Және мәдени ошаққа белгілі жазушы-драматург Баққожа Мұқайдың аты берілді. Осы өңірдің тумасы Баққожа Мұқай 1970-1988 жылдар аралығында «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдары және Қазақстан жазушылар одағында қызмет атқарды. «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» атты романдары мен «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым» кітаптарының авторы. Жазушының шығармалары тәжік, қырғыз, белорус, якут, татар және өзге де шет тілдеріне аударылған. 10-нан астам драмалық шығармасы Қазақстан мен шет елдердегі театр сахналарында қойылған. «Өмірзая» романы үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Смағұл Елубай, жазушы, кинодраматург:
Уақыттың сынынан өткен азаматтар болады. Соның бірі — Баққожа. Уақыттың сынынан өткен, өмір бойы халқына қызмет еткен. Ал, енді олар әруаққа айналғаннан кейін, оның алдында халқы сыннан өтуі керек. Сол үшін біз бүгін осында келіп, алғысымызды айтып жатырмыз.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ