Іссапармен жүрген Мәжіліс депутаттары жастармен және ауыр дертке шалдыққан балалармен жүздесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Іссапармен жүрген Мәжіліс депутаттары жастармен және ауыр дертке шалдыққан балалармен жүздесті

19.08.2019

Мәжіліс депутаттары бұл күндері еліміздің әр аймағына аттанып, сайлаушылармен кездесулер өткізіп жүр. Бүгін Алматыда депутат Зағипа Балиева мегаполистегі «Балаларды ерте оңалту орталығының» ұжымымен кездесті. Ем қабылдап жатқан балалардың жағдайымен танысып, қызметкерлердің сұрақтарына жауап берді.

«Балаларды ерте оңалту орталығында» қазір 75 бала ем алып жатыр. Мұнда 3 жастан 7 жасқа дейінгі неврологиялық дертпен ауыратын жеткіншектер тегін емделеді. Мекеме жаңа технологиялармен жабдықталған.

Насихат Төлекова, Балаларды ерте оңалту орталығының директоры:

Орталығымызға депутаттар келіп жатыр. Бүгінгі күнге ең негізгі құрал-жабдықтарымыз бар. Бірақ қосымша құрал-жабдықтарға бәріне өтініш берілген, оның бәрі келесі жылға дейін болып қалады деген сеніміміз бар.

Мәжіліс депутаты орталықтың ұжымымен кездесіп, пікір алмасты. Негізгі мәселе еңбекақыға қатысты болды. Өйткені орталық медициналық мекеме болғанымен, мұнда педагогтар мен психологтар жұмыс істейді. Олар медициналық мекемеде қызмет ететін педагогтардың жалақыны өсіру тәртібі қалай болатындығын сұрады.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Денсаулық саласында былтыр 10 пайызға, 30 пайызға жалақысы көтерілді. Міне, мұғалімдерге жағдай жасалып жатыр. 4 жылдың ішінде олардың жалақысы екі есе көтерілетін болады. Енді категория мәселесі медбике және басқа ол сұрақ үкіметте қаралып жатыр. Оны естуім бар. Тек қана мына орталыққа емес, басқа орталыққа барған кезде де бұл сұрақтарды көтеріп жатыр.

Бұл орталық 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Жылда жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, ғимарат әбден ескірген», - дейді мамандар. Сондықтан келер жылы орталықта күрделі жөндеу жүргізіледі. Оған қоса, нысанның аумағын кеңейтіп, мүмкіндігін арттыру ісі жоспарда бар.

Аманкелді СЕЙТХАН

 

Хабарламаларға жазылу