Әкімдік 7000-ға жуық аз қамтылған отбасының балалары үшін мектепке 200 миллион теңге бөлуге дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әкімдік 7000-ға жуық аз қамтылған отбасының балалары үшін мектепке 200 миллион теңге бөлуге дайын

19.08.2019

Елорда әкімдігі аз қамтылған отбасылардың 7000-ға жуық баласына  мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға 200 миллион теңге бөлмек. Жалпы, жыл сайын оқу маусымы басталарда ата-аналарды алаңдататын бір сауал бар. Ол — баласының мектепке дайындығы, соның ішінде, мектеп формасы мәселесі. Қажетті киім-кешек пен құрал-жабдықты сатып алуға қанша қаржы жұмсалады?

Ризагүл Нұрымованың ұлы биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Бүгін анасы баласымен бірге мектеп формасын іздеп дүкенге келді. Оқуға қажетті құрал-жабдықтарын алып қойған.  

Ризагүл Нұрымова, қала тұрғыны:

Барлығын қосқанда 100 мың теңге кетті. Қымбат дүкеннен емес, орташа, сапасы бағасына сай келетін киімдерді алдық. Мектеп формасы бар, спорттық формасы бар, екі түрлі аяқ киім керек. Сөмкесімен, кеңселік заттарды дайындағанда 100 мың теңге кетті.

Киім дүкенінен екі бірдей оқушы баласына  мектеп формасын таңдап жүрген тағы бір ананы кездестірдік.  Жаңа оқу маусымына олардың да дайындығын сұрадық.

Әзиза Жұмабаева, қала тұрғыны:

Баланы мектепке дайындау  өте қымбат. Бір балаға 100 мың теңге кетеді. Биыл енді бастап жатырмын. Былтырғыдан қарағанда биыл тағы қымбаттаған.

Бірақ ата-аналардың барлығы бірдей баласына 100 мың теңгеге зат алып бере алмайды. Мәселен, Айнұрдың  жалғыз қызына мектепке қажетті киім мен құралдарды сатып алуға шамасы келмей отыр. Өйткені, «отағасының тапқан табысы мына 20 шаршы метр бөлменің ақысына кетеді»,-дейді. Ал 7 жастағы Толғанай биыл екінші сыныпқа барады.

Айнұр Қалман, қала тұрғыны:

Көшіп жүреміз ғой. Қай жерге мектеп жақын деп. Көшіп жүреміз осылай, бір комната іздеп екі бала үшін. Көмектессе жақсы болушы еді. Мектептен сұрадым, екі балаға көмек жоқ деді. Бізде «4-тен жоғары балалары барларға көмектесеміз»,- деді.

Жыл сайын тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан көмек алатындардың қатары да көбейіп жатыр. Былтыр 1674 бала болса, бүгінде олардың саны 6600-ге жетті. Қалалық әкімдік осы жанұяларға қолдау көрсету үшін қосымша 200 миллион теңге бөліп отыр.

Әнуар  Жанғозин, Қалалық білім басқармасының басшысы:

Біз қазір әрбір оқушыға сертификат табыстайтын боламыз. Әр ата-ана осы сертификатпен дүкенге барып, өздеріне қажетті киім немесе тауарды таңдайды.

Былтыр тегін берілетін мектеп формасы мемлекеттік сатып алу аясында алынған еді. Ата-аналар оның сапасына қатысты көп сын айтты. Осы жолы таңдауды ата-ананың өзіне қалдырды. Ол үшін 30 мың теңгелік сертификаттар берілмек. Оқу қоры есебінен берілетін жәрдем құжаты 15 қыркүйекке дейін ғана жарамды.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу