Көші-қон қызметі жетіле түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көші-қон қызметі жетіле түсті

20.08.2019

Қыркүйек айында Қарағандыдағы көші-қон қызметтері орталығы қаланың барлық ықшам аудандары үшін жұмыс істейтін болады. Ал әзірге Оңтүстік Шығыс және Михайлов аумақтарын қамтып отыр. Кеншілер шаһарына келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Айта кету керек, мұнда көші-қон полициясының 16, ал орталық мамандары тарапынан 11 қызмет түрлері көрсетіледі. Еңбек миграциясын ұзарту, 086 медициналық анықтамасын беру, фотоға және саусақ таңбаларын түсіру, тұрғылықты мекенжай бойынша уақытша тіркеу сынды рәсімдер осы бір орталықтан жасалады. Мұның барлығы сандық жүйеде жүзеге асып, арнайы мәліметтер базасында сақталады.

«Жалпы, цифрлық негізде жұмыс істеу көші-қон қызметінің сапасын барынша жақсартуға бағытталған»,-дейді халық қалаулылары.

Мансұрхан Махамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бізге еңбек мигранттары келеді. Олар алғашқы тіркеуден өткенімен, кейінгі тіркеуден өтпейді. Олар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл салынады. Оны төлемей, шекарадан өтіп кететін. Ал қазір цифрлық жүйенің арқасында миграциялық орталық қызметкерлері шекарадағы мәліметтермен бірдей байланыс жасап, мерзімін өткізіп алып жұмыс істеп жатқандарды анықтап отырады.

Руслан НҰРЛАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу