Жоғалып кеткен альпинистерді іздеу операциясы жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоғалып кеткен альпинистерді іздеу операциясы жалғасып жатыр

20.08.2019

Тянь-Шаньда із-түссіз жоғалған альпинистер әлі табылмай жатыр. Бүгін Эверестті бағындырған тұңғыш қазақ Мақсұт Жұмаев бастаған альпинистер тобы мен Қорғаныс министрлігінің арнайы жасағының өкілдері таңертеңнен бері іздеу жұмыстарын жүргізген. Алайда әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Қазір бізбен алматылық әріптесіміз Алмат Әбдіраман байланысқа шығып тұр.

Алмат Әбдіраман, тілші:

Кеш жарық, Данияр!  Бүгін таңертең арнайы топ тікұшақпен Тянь-Шань тауларына аттанған. Алайда олар тағы да ауа райының қолайсыздығына байланысты  іздеу жұмыстарын тоқтатты. Себебі түстен кейін іздеу аймағын қалың тұман басқан. Сондықтан құтқарушылар кейін қайтуға мәжбүр болған. Қазір олар 2200 метр биіктіктегі «Қарқара» базалық лагерінде сигнал арқылы іздейтін құрылғының көмегімен алынған ақпаратты тексеруде. Одан кейін әрі қарай қалай әрекет ету керектігін нақтылайды. Ал жоғалғандардың туыстары бүгін Алматыда жиын өткізіп, Мемлекет басшысы мен Қорғаныс және Ішкі істер министрлерінен іздеу-құтқару жұмыстарын тоқтатпауды, әрі олардан іздеуге барынша күш жұмылдырылуын сұрады. Себебі жақындары альпинистердің тірі екендігіне сенімді.

Шахаризада Шахбутова, Мұрат Өтепбаевтың жары:

Іздеуді тоқтатпаңыздаршы, өтініп сұраймын. Біз олардың қайтып келетіндігіне сенеміз. Себебі олар өте мықты, тәжірибелі альпинистер. Бұған дейін «Жеңіс» шыңына бірнеше рет шыққан. Бұл жолы тек ауа райының қолайсыздығынан осындай жағдайға тап болып отыр.

Алмат Әбдіраман, тілші:

Айта кетейік, Мұрат Өтепбаев, Александр Чечулин мен Андрей Корнеев Қырғыз шекарасындағы биіктігі 7 мың метрден асатын «Жеңіс» шыңына шығуға аттанған. Алайда ауа райының қолайсыздығынан олар хабар-ошарсыз кетті. Ал құтқару тобы ертең таңертеңнен бастап іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастырады. Алайда ертең табылмаса, іздеуді тоқтатады. 

Алмат ӘБДІРАМАН

 

 

Хабарламаларға жазылу