Олардың кейбіреуі тұрғын үйлердің дәл алдында ашық-шашық жатыр. Бұл апатты нысандарды құлатып, орнын тазарту жұмыстары былтыр күзде басталған. Бірақ басталған іс соңына жетпей, орта жолдан тоқтапты. Қиранды арасында үреймен күн кешкен жұртпен Дәуренбек Әбдібек тілдесіп қайтты.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Талқаны шыққан мына тұрғын үйдің қабырғасы кез келген уақытта құлап түсуі мүмкін. Аса қауіпті. Талап бойынша оның жан-жағы берік қоршалуы тиіс. Алайда қоршау жоқ. Ал қарға адым жерде балалар ойнайтын алаң тұр. Оның арғы жағында - тұрғын үй. Арасы шамамен 40 метрге де жетпейді.
Қирандының шетінде шашылып жатқан тастар балалардың ойын алаңына айналған. «Оларды үнемі бақылап отыру мүмкін емес», - дейді ата-аналары. Себебі мұнда есік алдына шығудың өзі – қауіпті аумаққа кіргенмен бірдей.
Биғайша Оразбекова, қала тұрғыны:
Үлкен адамдар отыратын жер жоқ. Бетонның үстіне көрпе төсеп отырамыз. Енді бұл осы заманға лайық па?
Жартылай бұзылған - Абай көшесіндегі 102-ші үй. Оның қасындағы үш көпқабатты үйдің тұрғындарының әрбір күні үреймен өтеді. Қиранды мен қоқыс басқан ауланың жайсыздығы тағы бар.
Гүлжамал Мергенова, қала тұрғыны:
Соғыс уақытында қираған үйдің арасында тұрады ғой адамдар. Сол сияқты болдық. Есік алдына шықсаң, көретінің осы. Маңайдың бәрі қоқыс. Тазалық жоқ. Масқара.
Ал әкімдіктегілер мұның бәрі жауапсыз мердігердің әлегі деп отыр. Былтыр тендерді ұтып алған кәсіпорын 18 апатты ғимаратты бұзуы тиіс еді. Ол міндетін толық орындамапты. Бекітілген нысандардың соңғы бесеуін жартылай қиратып, жұмысын тоқтатқан.
Ерлан Райысов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:
Оны сотқа бердік. Бірінші инстанция бойынша шешім шығып, мердігерді өз ісіне жауапсыз деп таныды. Енді облыстық соттың шешімін күтіп отырмыз. Сол шешім шықса, ақшаны қайтарсақ, күзде құлатып, адамдарға қауіп төндірмейтіндей жағдайға келтіру жоспарда бар.
Яғни, сот біржақты шешім шығарғанша бұл нысандар тендерді ұтып алған мердігердің мүлкі болып есептеледі. Сондықтан әкімдіктегілер оны бұзсақ, заңды бұзамыз дейді. Тіпті қоршауға да құқы жоқ екен. Осылайша заңды аттаймай, қауіпсіздікті сақтай алмай отыр.
Дәуренбек ӘБДІБЕК