Қызылордада мұғалімдердің тамыз конференциясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада мұғалімдердің тамыз конференциясы өтті

22.08.2019

Білім және ғылым. Қызылордада өткен білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі биыл осындай тақырыппен өтті. Өткен оқу маусымының қорытындысын шығарып, алдағы міндеттерді айқындаған алқалы жиыннан тілші бейнематериалы.

Тамыз кеңесіне жиналған қауым ең алдымен танымдық көрмені тамашалады. Бүгінде өңірдегі білім саласында айшықты істер көп. Атап айтқанда, өрендер мектепке дейінгі мекемелермен толық қамтылған. Облыста үш ауысымдағы мектеп жоқ. Соңғы 6 жылда 69 мектептің құрылысы салынса, апатты жағдайдағы 37 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қуанышбек Ысқақов, Қызылорда облысының әкімі:

Болашағымыз балаларымыздың заманауи технологиямен жабдықталған жаңа ғимаратта сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Қазіргі таңда Жаңақорған мен Жалағаш аудандарындағы апатты деп танылған 2 мектептің құрылыстары жүргізілуде. Орта білім беретін мектептердің барлығын Назарбаев зияткерлік мектебінің үлгісінде жабдықтауымыз қажет. Бұл — аса маңызды қадам.

Ел ертеңінің тұтқасы болар жастарға жан-жақты білім беру заман талабы. Әсіресе цифрлы ресурстарды игерудің маңызы зор. Бұл ретте биыл облыстағы пәндік кабинеттер 60 пайызға жаңарып, 100 пайыз компьютермен қамтылды. Жиын соңында шәкірттері дараланып жүрген ұстаздар қауымы аймақ басшысының алғыс хатымен марапатталды. Ал Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейі «Үздік орта білім ұйымы» байқауының грант иегері болып танылып, 17 миллион теңгелік сертификатқа ие болды.

Жұмагүл Тлеуғабылова, №277 мектеп-лицейінің директоры:

Облыс әкімінің гранты 17 миллион мұғалімдерге, мектеп ұжымына үлкен жігер деп айтуға болады. Бұл конкурсқа қатысып, мұндай жүлдені ұтып алу оңай жолмен келген жоқ. Бұл мұғалімдердің 3 жылғы еңбегінің нәтижесі деп айтуға болады. Біздің мектебімізге, біздің ұжымымызға бұл үлкен дәреже.

Енді жаңа идеялар мен жаңа бастамаларға  үркесоқтамай, тез бейімделуге дағдылану керек. Сонда кез келген елмен білім-ғылым саласында тереземіз тең, иықтаса қатар тұра аламыз. Сырбойылық ұстаздардың келелі кеңестегі түйінді ойы осы. 

Бекзат НҰРҒАЛИҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу