Бұдан былай табиғат қорғаушы инспекторларды браконьерлерден қорғануды үйретуіміз керек. Орталық коммуникациялар қызметіне келген Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев осылай деді. Ішкі істер министрлігінің арнайы мамандары инспеткорларды оқытуды бастамақ. Табиғат жанашырларын қару-жарақпен қамтамасыз ету жайы да талқыланып жатыр. Биылдың өзінде инспекторларға 6 мәрте шабуыл жасалды. Оның екеуі қайғылы оқиғамен аяқталды. Вице-министр жер шарының әр бөлігін шарпыған орман өрттеріне де тоқталды. Қазақстанда жыл басынан бері 499 рет дала өрті тіркелген. Одан келген зардап 221 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:
Аз уақыт бұрын Панфилов ауылдық округіне қатысты аумақта өрттен 3 адам қаза тапты. Сондай-ақ Қарқаралы ұлттық паркінде болған өртті де айта кеткім келеді. Тілсіз жауды 4 тәулік ішінде сөндірдік. Бұл іске 300-ден астам адам мен 60 техника жұмылдырылды.
Ғабит БӨКЕНБАЙ