Алматы қаласы «Шұғыла» ықшам ауданында осы уақытқа дейін бірнеше рет су құбыры жарылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласы «Шұғыла» ықшам ауданында осы уақытқа дейін бірнеше рет су құбыры жарылған

23.08.2019

Алматыда биыл ғана пайдалануға берілген «Шұғыла» ықшам ауданында осы уақытқа дейін бірнеше рет су құбыры жарылған. Сонымен қатар, тұрғындар екі айдан бері ыстық сусыз отыр. Қоныс тойын өткізіп, мәре-сәре болған жұртшылықтың қуаныштары су сепкендей басылды. Олардың сөзінше, пәтер иелерінің кооперативі мен өзге де жауапты мамандар мүлдем жұмыс істемейді.

Мәкен Мұстағалиева жаңа ауданға небәрі он күн бұрын көшіп келген. Ол осы уақыттың ішінде су құбыры бірнеше мәрте жарылғандығын айтты. Ал көршілері: «Істен шыққан құбырды жөндеу кезінде кейде 1 жарым 2 күнге дейін ауызсусыз отырамыз»,- деп нарызылық танытты. «Арнайы техникамен су әкеледі. Алайда, оның сапасы нашар. Сондықтан дүкеннен сатып аламыз», - дейді олар.

Мәкен Мұстағалиева, қала тұрғыны:

Бір кішкентай ғана жерді қалай уақытында жөндемейді? Соны түсінбеймін. Мынадай жер. Соны жетісіне екі-үш рет қазады. Екі-үш рет қайтадан жабады. Қайтадан жарылады.

Тұрғындардың айтуынша, су жүйесі дұрыс жүргізілмеген әрі құбырлар сапасыз. Сондықтан кейбір үйлердің жертөлесі суға толған. Бұдан бөлек, шағын ауданның жолдары да толық салынып бітпеген.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

Үйлердің дәл маңында мынадай электр сымдары ашық-шашық, жан- жағы қоршалмаған күйінде тұр. Сонымен қатар, кәріз құдықтарының беті де жабылмаған. Сондықтан тұрғындар абайлап жүрмесек иә құдыққа түсеміз, иә тоққа түсеміз деп алаңдаулы.

«Су құбырларына жауаптылар 2 жылға дейін кепілдік береді», - дейді жергілікті әкімдік өкілдері. Жиналған жұрттың жанайқайын естіген олар барлық мәселе жуық арада шешіледі деп сендірді.

Жандос Тәкібаев, Наурызбай ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

Ыстық су мәселесі шешіліп жатыр. Екі аптадан кейін беріледі. Қазанның 15-не дейін жолдар да толық жөнделеді, балаларға арналған алаң да салынады. Аулаға жарық қойылады. Қазір барлық мәселе бақылауда. Тек сәл уақыт керек. Бәрі реттеледі.

Тұрғындар енді 15 қазанға дейін жөндеу жұмыстарын бақылаймыз. Егер жағдай реттелмесе, пәтер иелері кооперативін өзіміз құрамыз деп тарқады.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу