Қазақстан-Литва байланысы қарқын алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан-Литва байланысы қарқын алады

28.01.2014
Қазақстан-Литва байланысы қарқын алады

Осы аптада Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Еуропаға ресми сапары басталды. Ол алдымен Литва Республикасына аялдады. Сапар барысында Қазақстан Президенті Давос форумында көтерген Еуроодақпен арадағы қарым-қатынасты нығайту, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселелері ортаға салынды. Сондай-ақ, екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелері де сөз болды.

 
Шынар Асанқызы, тілші:
Ерлан Ыдырысов Литваға бұған дейін 2001 жылы Сыртқы істер министрі болып тұрған тұста ат басын бұрған екен. Ал, одан кейін аталған мекеменің бір де бір басшысы мұнда ресми сапармен келмеген. Ерлан Ыдырысов министр қызметіне қайта тағайындалған соң, араға 13 жыл салып барып, үзілген дәстүрді қайта жалғап отыр.
 
Сапар барысында алғаш боп ол литвалық әріптесі Линас Линкявичюспен кездесті. Тараптар кездесуде алдағы екі жылда еңсерілер шаруаның жоспарын түзді. Қазақстан және Литва Сыртқы істер министрлігі арасындағы Ынтымақтастық жоспарына қол қойды.
 
Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:
Литва НАТО, Еуроодақ секілді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі. Ал, Еуроодақ біздің ең ірі сауда серіктесіміз. Қазақстанға Еуропа елдерінен құйылған инвестицияның көлемі бүгінде 80 миллиард АҚШ долларына жетті. Сондықтан, Литвамен арадағы қарым-қатынасты тереңдете түсу екі тарап үшін де тиімді болмақ. Біз бүгін арадағы визалық режимді жеңілдету мәселелерін де қарадық.
 
Литва Қазақстанды Орта Азиядағы ең белсенді саяси және экономикалық әріптесі деп санайды. Дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 22 жыл қос ел үшін де жемісті болды. Екі елдің бүгінге дейінгі сауда айналымы 700 миллион АҚШ долларына жетті.
 
Бүгінде Қазақстанда елуден астам Литвалық кәсіпорын жұмыс істейді. Әсіресе, көлік-коммуникация саласындағы байланыс ерекше басымдыққа ие. Екі тілде де бірдей мағына білдіретін «Сәуле» теміржол қатынасы тек Литва мен Қазақстанды емес, тұтас батыс пен шығысты байланыстырып тұр.
 
Қазір осы транзиттік дәліз арқылы Клайпеда қаласынан Қостанайда құрастырылатын көлік саймандары жеткізіледі. Тараптар енді ауыл шаруашылығы, туризм саласындағы байланысты жандандыруға ниетті. Сондай-ақ логистикалық орталықтар құруды көздеп отыр. Бұдан кейін қазақстандық делегация Литва президенті Даля Грибаускайтемен, премьер-министр Альгирдас Буткявичюспен кездесті. Литва Парламентінде болды.
 
Сергей Дмитриев, Литва Парламентінің депутаты:
Мен Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясында мемлекеттің жаңа саяси бағыты, елдік дамудың барлық салалары қамтылған деп санаймын. Сіздердің елдеріңіз әлемдік даму жолына түсті. Сыртқы саясатта ойып тұрып өз орнын алды. Әлемнің түкпір-түкпірінде қақтығыстар орын алып жатқанда, Қазақстандағы жағдай тұрақты. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты кім-кімге де үлгі боларлықтай.
 
Ерлан Ыдырысовтың Шығыс Еуропадағы сапары бұдан әрі Венгрия Республикасында жалғаспақ.
 
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу