Түркия тәжірибесімен бөлісуге дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия тәжірибесімен бөлісуге дайын

19.02.2014
Түркия тәжірибесімен бөлісуге дайын
Түркия түркітектес мемлекеттермен экономиканы дамытудағы тәжірибесімен бөлісуге дайын. Бұл туралы Стамбулда өткен бизнес-форумда айтылды. Алқалы жиынға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы және Түркияның іскер топ өкілдері қатысты.
 
Бақытжан Омар, тілші:
Түркия - экономикасы дамыған әлемдегі 20 елдің қатарында. Еуропада 6-шы орында. Сондықтан, бұл елдің түркітектес өзге мемлекеттерге берер тәжірибесі мол. Түрік елі Стамбулда өткен бизнес-форумда бауырлас мемлекеттерге қол ұшын созуға дайын екендіктерін айтты.
 
Түркі кеңесіне мүше елдер арасында сауда-саттық қазір 10 миллиард доллардан астам. Бұл көрсеткішті әлдеқайда арттыру қажет. Себебі, бұған толықтай мүмкіндік бар. «Түркітектес мемлекеттердің арасында әсіресе Қазақстанның әлеуеті зор», дейді бизнес-форумға қатsсушылар.
 
Халим Мете, Түркияның сауда палатасы және тауар биржасы одағының вице-президенті:
Қазақстан - табиғи байлығы мол мемлекет. Бірақ, бұл қазына тек мемлекетті ғана байытады, халықты емес. Тұрғындардың да әлеуметтік әл-ауқатын көтеру үшін сауда-саттық байланысын дамыту қажет. Дәл қазір бұл салада Түркия мен Қазақстан жақсы байланыста. Былтырдың өзінде сауда айналымы 3 миллиард доллардан астам болды. Біз бұл көрсеткішті әлі де көтереміз.
 
Түрік бауырларымыз еліміздің экономикалық мүмкіншіліктеріне ерекше қызығушылық танытып отыр. Сондықтан, қос тарап жеке секторды дамытуды мықтап қолға алды. Болашақта екі ел инфрақұрылымды дамыту, тасымалдау салаларында бірлескен жобалар әзірлеуді жоспарлап отыр.
 
Сабыр Есенбеков, Қазақстанның сауда-өндірістік палатасының президенті:
Президентіміз өз Жолдауында ел экономикасын модернизациялау, шағын және орта бизнесті дамыту сияқты тапсырмалар жүктеді. Бұл мақсат пен міндеттерді жүзеге асыру үшін бізге Түркиямен бірігіп жұмыс істеу қолайлы. Қазір біз түрік елінің сауда палатасы және тауар биржасымен бірігіп, ортақ жұмыстар әзірлеудеміз. Біздің экономикамыз бір-бірін толықтырып тұрады.
 
Түркияның бұл салада мүмкіндігі зор. Оған түрік жерінде жұмыс істеп жатқан 26 мың шетелдік компаниямен Түркияның құрылыс саласында Қытайдан кейін әлемде екінші орын алуы дәлел.
 
Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу