Астананың гүлденуі – тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. 16 жасқа толған елордамызды мерейлі мерекесімен құттықтаған шетелдік саясаткерлер осындай пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, Қазақ елінің болашақта бұдан да биік белестерден көрініп, Астана халықаралық аренада өз орнын ойып алуға қабілетті екенін айтты.
Мелих Гөкчек, Анкара қаласының губернаторы:
Осыдан үш жыл бұрын Астанада Анкараның мәдениет күндерін өткізгенбіз. Сол кезде қаланың келбетіне қызықтым. Кең көшелер мен зәулім ғимараттардың архитектурасы таңғалдырды. 16 жылда қаланы жаңадан салуға кез келген мемлекеттің қауқары жетпейді. Биыл Астананың туған күніне барсам деген ой болған. Елімізде өткелі жатқан президенттік сайлауға байланысты сәті түспей тұр. Енді келер жылы міндетті түрде барамын.
Рикардо Мильори, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының экс-президенті, саясаткер:
Мен Қазақстанды өте жақсы білемін, әрі жақсы көремін. Қазақстан - бейбітшіліктің символы. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түрлі мәртебелі жиындар ұйымдастырып, жауласқандарды достастырып, қырын мінез көрсеткендерді ортақ мәмілеге келтіруге күш салып жүр.
Астананың сұлулығы тіпті керемет. Аз уақыттың ішінде ондай қала тұрғызу екінің бірінің қолынан келмейді. Қазақ басшысы нар тәуекелге барып, өз арманын жүзеге асырды. Бекер емес, бүгінде соның жемісін көріп отыр. Оған нақты дәлел Астана 2017 жылы EXPO көрмесін ұйымдастыру мәртебесіне ие болды.
Біз қаланың сол шараға қалай дайындалып жатқанын да бақылап отырмыз. Өйткені, 2015 жылы EXPO Миланда өтеді. Яғни, біз эстафетаны сіздерге тапсырамыз. Астана, Қазақ елі халықаралық көрмені абыроймен өткізеді деген сенімдеміз.
Нұрсұлу ҚАСЫМ