2020 жылы Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2020 жылы Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жарияланды

11.10.2017

Бұл туралы бүгін Сочиде өткен ТМД мемлекеттері басшыларының саммитінде айтылды. Президенттер бір жыл ішінде атқарған жұмыстарын қорытындылап, болашақ жоспарларды бекітті. Күн тәртібінде 18 мәселе қаралып, Қазақстан тарапы 13 құжатқа қол қойды. Көрші мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жаңғырту, сырттан төнген қауіп-қатермен бірігіп күресудің жолдары басты назарға алынды. Сочидегі жиыннан Дулат Жексенбайұлы.

Бұл күндері Сочи қаласы саяси алаңға айналды. 9 елдің президенті ТМД-ны қалайша жақсартамыз деген ортақ мақсатпен курортты қалаға келді. Жиын жылда өткенімен қозғалатын тақырыптардың ауаны өзгерген емес. Дәстүр бойынша Ресей президенті Владимир Путин әріптестерін жеке-жеке қарсы алып, естелік суретке түсті.

Одан кейін мемлекет басшылары кіші құрамда кездесті. Өзбекстан президенті Шафкат Мирзиеевтің ТМД саммитіне бұл алғаш рет қатысуы. Әріптестері оған зор мән беріп, құттықтап жатты. Бішкекте өткен былтырғы басқосуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД ұйымын заман талабына сай етіп, толықтыру бойынша ұсыныс айтқан еді. Әсіресе, Еуропа мен Азияны жалғап жатқан ұлан ғайыр аумақта керуен көшін жаңғырту идеясын ортаға салды. Себебі, ТМД елдерінің көлік транзитінің әлеуеті зор. Алайда, тасымалға келгенде ортақ мәміленің жоқтығы қолбайлау болғанын айтып еді. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі саммитте ТМД-нің 2007 жылы қабылданған концепциясын қайта қарап, жаңарту қажет деді.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- ТМД-ны дамыту бойынша құжат 2007 жылы қабылданған еді. Концепция барлық салаларды қамтиды. Оның ішінде саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қауіпсіздік шаралары бойынша құжаттар бар. Меніңше, тап осы саяси-экономикалық гуманитарлық салада нақты жұмыстар атқару керек еді. Алайда, ол болмады. Сондықтан, мен концепцияны қайта қарауды ұсынамын. Жаңа жоспар әзірлеуге тиіспіз.

Әлемдік гоесаясатта терроризммен экстремизмнің ошақтары көбейіп, қауіп-қатер күшейе түсті. Үй ішінен үй тігіп, қара ниеттілердің қолынан күн сайын мыңдаған бейбіт тұрғын қаза болуда. Міне, осы ретте ТМД-ға мүше мемлекеттердің қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарсы іс-қимылдары  сақадай сай болуы тиіс. Әлем елдері қаржылық дағдарыстан сауыққан жоқ. Мұнайдың бағасы құбылмалы. Түрлі-түсті металға деген сұраныс көбеймей тұр. Егер ТМД-ға мүше мемлекеттердің дені шикізатқа тәуелді екенін ескерсек, ТМД елдері дамудың ескі модулінен жаңа сатыға көшуі тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлемдік экономика құбылмалы болып тұр. Осы ретте ТМД елдері экономиканы дамытудың жаңа жолдарын қарауы тиіс. Қазір әлемдік нарықта қызмет көрсету саласы өркендеп келеді. Еркін сауда-саттық бізге жаңа мүмкіндіктер ашады. Кәсіпкерлерді жаңа деңгейге көтереді. Үкімет басшыларының кеңесіне осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырамын. Жуық арада нақты ұсыныстар ұсынуы тиіс.

Қазір ТМД елдерінің сауда-саттық көлемі 75 млрд. долларға жетіп отыр. «Бұл көрсеткішті еселеу үшін кедендік заңнаманы қайта қарау керек», деді президенттер. Ал, ТМД елдерінің саммитіне келер жылы Тәжікстан төрағалық етеді.

Биыл ТМД елдерінде отбасы жылы. Осыған орай достастық мемлекеттерде отбасы институттарын дамыту мақсатында түрлі шаралар өтті. Ал, келер жыл мәдениет жылы болып бекіді. Сонымен қатар, ТМД басшыларының отырысында Екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығын мерекелеу және оған дайындық бойынша негізгі іс-шаралар жоспары мақұлданды. Жиын Еуразиялық одақтың мемлекеттаралық саммитімен жалғасты. Ол осы минуттарда өтіп жатыр. Жиын барысында бірқатар ұжымдық мәселелер қабылданады.

 

Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу