Санкт-Петербургте Парламентаралық одақтың 137-ші ассамблеясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санкт-Петербургте Парламентаралық одақтың 137-ші ассамблеясы өтті

16.10.2017

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламентаралық одақтың 137-ші ассамблеясында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын қолдауға шақырды. Спикер Елбасының контртеррористік бастамаларына тоқталды. Президенттің аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы ұсыныстары туралы айтып, оған шетелдік парламентшілер жоғары бағасын беріп, қолдау танытты. Жалпы, Санкт-Петербург қаласында өткен Парламентаралық одақтың 137-сі ассамблеясы Парламентаралық одақ тарихындағы аса ірі шаралардың біріне айналды.

Парламентаралық одақтың 137-сі ассамблеясын өткізу мәртебесі Ресейдің Санкт-Петербург қаласына берілгені белгілі. Бұл қалаға жаһанның түкпір-түкпірінен 2300-ден астам адам келді. Мақсат-мүдде біреу. 150-ден астам Парламент делегациялары әйгілі Таврия сарайында бас қосады, өзекті мәселе, парасатты пайым айтылады.

Мәдени плюрализм және оның қоғамдастыққа қосар үлесі мен тұрақты даму. Бұл жиын басқалардан өзгерек. Оған Солтүстік Корея, Сирия сияқты елдердің өкілдері де қатысуды жөн көріпті. Жалпы, Парламентаралық одақ әлемдегі барлық түйіні көп түйткілді шешпесе де, Парламенттер арасында диалог орнатуға бағытталған, 1889 жылы құрылған. Оған 170-тен астам мемлекет мүше.

Қазақстан 1993 жылдың 4 наурызында құрамына енді. Ал, 137-ші ассамблеяға 160 елден астам елдің парламенттік делегациясы келді, барлығының өз айтары бар. 96 спикер келді. Адам құқығы, терроризмен күрес, тұрақты даму сияқты мәселелер көтерілді. Ресей Президенті Владимир Путин дүниежүзі Сирияға соғыстан кейін қалпына келуі үшін қол ұшын беруі керек деп есептейді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

- Терроризммен күресті қосалқы стандарттарсыз, қандай да бір саяси көзқарастарға қарамастан жүргізу қажет. Бұл жолда әрине, күш-жігерді біріктірмесе болмайды. Соңғы екі жылда Сирияда террористердің бақылауындағы аумақ бірнеше есеге кеміді. Жақында Қазақстанда Астана форматында тағы 4 нүктенің деэскалациялау туралы келісімге қол жеткізілді.

Біздің ел үнемі өркениетаралық диалогтың бастамашысы болып келеді. Қазақстанның игі бастамаларына әлем куә. Мұны шетелдік қайраткерлер, сақа саясаткерлер де мойындап отыр. Қазақстандық делегацияны басқарып келген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасының жаһандық індетпен күресуде ілкімді бастамаларына тоқталды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- 2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-шы сессиясында халықаралық антитеррорлық коалиция құру жөнінде бастама көтерді. Бүгін мына мінберден Парламенттік одақтың мүше-мемлекеттеріндегі әріптестерімізге Қазақстан Президентінің контртеррористік бастамаларын сондай-ақ, БҰҰ шеңберінде терроризмге қарсы іс-қимыл кодексін қолдауға шақырамыз. Осылайша, 21 ғасырдың басты қаупімен күресуге үлес қосайық.

Бұл ұсыныс шетелдік парламентшілердің тарапынан зор қолдауға ие болды. Қазақстан батыс пен шығыстың шекарасында орналасқан мемлекет болғандықтан, ұлтаралық және дінаралық татулықта өз үздік моделін қалыптастырды. Жаһандану дәуірінде өзінің оңтайлы шешімдерін ортаға тастайды. Жер шарында бейбітшілік пен өзара пәтуашылықтың орнауына көмегін тигізуде.

Әли Лариджани, Иран Ислам кеңесі мәжілісінің төрағасы:

- Нұрсұлтан Назарбаев дипломатиялық аренада ілкімді жобалар мен бастамалар ұсынатын елдің Президенті. Бұл басқа мемлекеттерге үлгі болады деп ойлаймын.

Мария Лохела, Финляндия Парламентінің төрайымы:

- Қазақстанның географиялық орналасуы оның бітімгер ретінде әлемдік аренада сөйлеуіне мүмкіндік береді. Бұл мемлекет өте күрделі мәселелерді шешуде жетекші орын алады. Біздің мемлекетіміз де әріптестікті жандандыра түсеміз деген үміттеміз.

Бүгінгі аумалы-төкпелі заманда жаһанды алаңдатқан ортақ проблемалар бар, ол терроризм, экстремизм. Конструктивті күштердің басты мақсаты – шиеленістердің санын қысқарту. Күн тәртібінде әр алуан діндер мен мәдениеттер арасындағы ынтымақтастық формалары туралы сөз болды. Сондай-ақ, ядролық қарусыз әлем құру бүгінде өзекті.

Сабер Чоудхури, Парламентаралық одақтың төрағасы:

- Қазақстан тек қана терроризммен күрес тақырыбында ғана көшбасшылық танытқан жоқ. Қазақстан Президентінің антиядролық ұстанымын әлемдік қауымдастық жоғары бағалайды.

Қатысушылар маңызды құжат, демократия жөнінде жалпыға ортақ декларацияның 20 жылдығына орай қарар қабылдады. Демократияны қолдап, заң үстемдігін қамтамасыз етіп, адам құқығын қорғау мақсат. Сонымен қатар, 128 жылдық тарихы бар Парламентаралық одақтың қатарына тағы үш мемлекет қосылды. Олар: Өзбекстан,Түркіменстан және Вануату. Енді  Парламентаралық одақ жұмыс тобына мандат бермек, ол өз кезегінде, жақын арада Сирия оппозициясы жүретін астаналарға барады. Ол: Ирак, Иран, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері. Мысыр, Түркия, Оман. Бес күнге созылған жиында үш жылда бір рет бекітілетін  Парламентаралық одақтың жаңа жетекшісі сайланды. Парламент кез келген қиын жағдайдан шығу жолында жетекші рөл алады. Сондықтан, 30 маусымды Парламентаризм күні деп белгілеу ұсынылды. Парламенттік одақтың 137-ші ассамблеясы осылайша табысты аяқталып,  тарих кітабының тағы да бір парағы болып жабылды.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу