Қазақ-Қырғыз елдерінің арасында ғасырлар бойы жалғасқан бауырластық мәңгі сақталады. Өйткені, тілеуі мен тұрмысы бір көрші елдер экономикалық даму үшін өзара тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Бұл Алматыда бас қосқан сарапшылардың пайымды пікірі. Алқалы жиынға қатысқан мамандардың орамды ойын тілші Нұрлан Асқарұлы тыңдап келді.
Қазақ пен Қырғыз халқы қанша ғасырдан бері тату көрші болып күн кешіп келеді. Екі елдің үкіметі туысқан халықтың еркін араласып тұруына барлық жағдай жасаған. Тек соңғы жалдары кедендік рәсімдеуде Еуразиялық одақтың талаптарына сай өзгерістер болды.
Есенжол Алияров, Саяси зерттеулер қоғамдастығының төрағасы:
- Қазақ пен Қырғыздың арасында бір әңгіме бар. Жақсылықты іздесең, табуға болады. Жаманшылықты іздесең, жаманшылықты да. Тарихымызда әр жағдай болды. Ал, бірақ тілі бір, діні бір, салты бір халықтардың бір-бірінен жамандық іздеуі жақсылыққа алып келмейді. Сол себептен, бұрынғы арамызда болған жақсылыққа арқа сүйеп, жақсы істерге ұмтылуымыз керек.
Қырғызстандағы сайлау кезінде шекарада аздаған мәселенің орын алғаны рас. Бірақ, бұл басқа елдердің араласуымен бітетін шаруа емес. Сондықтан, екі елдің шекарасында туындаған кедендік кедергіні тек Қазақ пен Қырғыз елдерінің өзара келісімі арқылы реттеу көзделіп отыр.
Әділ Тұрдықұлов, Сөз еркіндігін қорғау комитетінің төрағасы:
- Қазақ және Қырғыз елі диалог арқылы бұл мәселе шешу керек деген ойдамын.
Елдестірмек елшіден демекші екі елдің арасындағы жағдайдың реттелуіне қазақ-қырғыз елдерінің сарапшылары да мүдделі. Қос елдің саяси және әлеуметтік мәселелерін ой талқысына салатын басқосу енді Қырғызстанда өтпек. Сөйтіп, мамандар бұл мәселенің мән-жайын халыққа дұрыс түсіндіріп беруді көздеп отыр.
Әділ Тұрдықұлов, Сөз еркіндігін қорғау комитетінің төрағасы:
- Атамбаевтың айтқаны бұл оның көзқарасы және Қырғыз елінің ойын шалдырмайды. Осылай ойлаймын. Мысалы, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Атамбаевқа қарата сын-пікірін айтты. Мұны біз Қырғыз елі Қазақ елінің жалпы пікірі, ойы қатарында қабыл алмаймыз. Мұны ажырата білу керек.
Жалпы, шекаралас аймақта туыстары тұратын тұрғындар барыс-келісті тоқтатқан жоқ. Тек сауда мәселесіндегі алыс-берістің аздаған кедергісі болды. «Бірақ, бұл да кезі келгенде реттелетін уақтша жағдай», - дейді сарапшылар.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ