Мәжіліс 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Сол арқылы Ұлттық экономика, Ішкі істер министрліктері және Үкімет қорының қаражаты 22 миллиард теңгеге қысқартылмақ. Сонымен қатар, депутаттар кедендік реттеу кодексін мақұлдады. Құжат жоспар бойынша келер жылдың басынан күшіне енуі тиіс.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында кеден қызметін жетілдіру қарастырылған. Кез келген мемлекеттің дамуы үшін бұл сала өте маңызды. Кодекс жобасына мыңға тарта түзету енгізіліп, еліміз бен Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы заңнамалар сәйкестендіріліп отыр. «Оны әзірлеу барысында Үкімет мүшелері де, депутаттар да Елбасы жүктеген міндеттерді назарға алды», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин. Президент электронды декларация арқылы кеден рәсімдерін оңтайландыру, бір терезе жүйесін құру және талап етілетін құжаттардың санын азайту қажеттігін айтқан еді.
Тәуелсіздік алған күннен бастап кәсіпкерлердің кәсібін өрге домалатып, асығы алшысынан түсуі үшін жағдай жасалынуда. Осы жолы да олар қамқорлықтан тыс қалмады. Заң отандық бизнес өкілдерінің де жұмысын жеңілдетеді. Бір ғана порталдың көмегімен кеденде кедергі болмас үшін алдын ала барлық шаруаны реттеп алуға болады.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Депутаттар тауарларды жойғаннан кейін пайда болған қалдықтарды одан әрі кәдеге жарату жөніндегі мәселелерді шешуге бағытталған түзетулер енгізді.
Бұрын 3 сағаттан бір тәулікке дейін уақытты алған рәсімдеу жаңа жүйенің арқасында 10-15 минутқа дейін қысқарады. Кеден бекетіндегі инспектор тауар тасымалдаушының құжаттары дұрыс па, бұрыс па, оны электронды жүйемен бақылай алады. Жалпы, отырыста мақұлданған тағы бір заң жобасы халықаралық қаржы институттарының қаражатына автожол жобаларын іске асыруды көздейді. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 12 ірі жоба жүзеге аспақ. Жалпы, «Күрті-Бурылбайтал» жобасына 3,4 млрд. теңге қарастырылып отыр. Жолды салу бар, оның сапасын қадағалау мәселесі тағы бар.
Ержан Құдайберген, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 2017 жылдың өзі аяқталуға жақындап қалды. Осы қаржының игерілу жолдары қалай болады? Бұл қыстың ішінде жолдың сапасы қалай болады?
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
- Құрылыс жұмыстары келесі жылдың бірінші тоқсанында басталады. 3,4 млрд. теңге аванс ретінде келесі айдың ортасында мердігерлерге төленетін болады.
Жалпы, отырыста Мәжіліс депутаттары ақпарат және коммуникациялар туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжат БАҚ саласындағы азаматтардың құқықтарын қорғайтын механизмдерді күшейтеді. Келесі жылы еліміздің бірқатар өңірінде телерадио хабарларын тарату цифрлық технология арқылы жүзеге асады. Бұл дегеніңіз, шалғай ауылдағы ағайын қазір 2-3 арна көрсе, енді оның саны 15-16-ға дейін жетеді. Ең бастысы, сапасы жоғары болады. Мектептерде балалардың жасына байланысты интернет беріледі. Тілшілер қауымы үшін қуанышты жаңалық. Ақпарат иеленушілерінің жауап беру мерзімін күнтізбелік 15 күннен 7 жұмыс күніне дейін қысқарту шешімі қабылданды.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
- Мемлекеттің өміршеңдігіне қатысты оқиғаларды уәкілетті органдар 3 сағаттың ішінде жауап беруге тиісті болады. Балаларға арналған бағдарламаларда жарнама көрсетілмейді.
Депутаттар 2018-2020 жылдарға арналған «республикалық бюджет туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыру жөніндегі құжатты қолдап дауыс берді.
Индира БЕГАЙДАР