Астана Иерусалим мәртебесінің өзгеруіне қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана Иерусалим мәртебесінің өзгеруіне қарсы

11.12.2017

Қазақстанның Иерусалимге қатысты позициясы өзгермейді. Оның мәртебесі бұрынғы күйінде сақталуы керек. Мұны еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты елшісі мәлімдеді. Ал, Стамбулда, Джакартада, Даккада Трамп пен Израильге қарсы шерулер өтіп, оларға сан мың адам қатысты.

Келіссөздер дереу қайта жандануы керек. Әсіресе, ешқандай шартсыз, екіжақты форматта. Қазақстанның Иерусалимге, жалпы, Таяу Шығыстағы бейбітшілік жолындағы процестерге қатысты позициясы осындай. Мұны еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров мәлімдеді.

Қайрат Омаров, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Таяу Шығыста бейбітшілік маңызды. Статус-квоны өзгертуге бағытталған кез келген біржақты әрекет, тіпті, ол туралы жариялау үлкен алаңдаушылыққа себепші. Қазақстанның бұл аймақтағы бейбіт процестерге қатысты позициясы өзгеріссіз қалады: Иерусалимнің мәртебесі бұған дейінгі халықаралық келісімдерге сәйкес сақталуы керек.

Ал, Стамбулда халық Трамптың портреті мен Американың туын жақты. Сонымен қатар, сан мың адам Палестинаны қолдап, Вашингтонның әрекетіне тойтарыс беру үшін бірігуге шақырды.

Айта кетсек, Трамптың Иерусалимге Израильдің астанасы деген мәртебе беруіне тек мұсылман елдері ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропа одағы, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай және тағы басқа мемлекеттер де қарсылық білдірді. Ал, Түркия президенті Израильді лаңкес ел деп атады.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

- Трамп, сізде мұндай билік жоқ. Палестина 1947 жылдан бері оккупацияда. Ал, Израиль – басқыншы мемлекет. Израиль – террорист мемлекет. Трамп мырза, біз сіз жіберген қателікке көне алмаймыз.

Дәл осындай манифестациялар Индонезия мен Бангладеште де өтті. Екі мыңға жуық мұсылман Даккада Құрама Штаттардың елшілігі алдына жиналмақ болды. Бірақ, полиция олардың жолын жауып, кедергі жасаған. Шерушілердің пікірінше, Вашингтонның шешімі Таяу Шығыста ғана емес, бүкіл әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылыққа нұқсан келтіреді.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу