«Бұл мәселені шешуге оның тәжірибесі мен беделі жеткілікті», - дейді АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы Елшісі Ричард Хоугланд. Елбасының Америкаға ресми сапары аясында экс-дипломат өзінің саяси болжамымен бөлісті. Айтуынша, Қазақстан Орта Азияның қуатты мемлекеті. Ресми Астананың әлемдік аренадағы медиаторлық рөлі көпке мәлім. Сондықтан, Назарбаев пен Трамп кездесуінен үміт көп.
Қазақстаннның дамуы, тұрақтылығы және қауіпсіздігі үшін Америкамен достық өте маңызды. АҚШ алдымен сауда серіктесіміз. Қазақ экономикасына 30 млрд. доллардан астам инвестиция құйды. Ал, инвестициялық жобаларға қаражат тартуда бізге әлемнің ең мықты экономикасы керек. Ресми сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев Американың ықпалды қаржы ұйымдарының өкілдерімен сондай-ақ, кәсіпкерлерімен кездесуі жоспарланған. «Бұл екі елдің арасындағы алыс-беріске үлкен серпіліс береді», - дейді АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы Елшісі Ричард Хоуланд.
Ричард Хоуланд, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы Елшісі:
- Қазақстан бизнес жүргізуге қолайлы аймақ. Себебі, инвесторларға барлық жағдай жасалған. Оның сыртында биыл «Астана» қаржы орталығы құрылды. Бұл британдық құқық негізінде жұмыс істейді. Яғни, тәуелсіз сарапшылар болады. Американың бизнес қауымдастығының Қазақстанда жұмыс істеуге қызығушылығы бар. Әсіресе, мұнай-газ саласына барғысы келеді.
«АҚШ пен Ресей арасындағы тайталас та тыйылуы мүмкін», - дейді сарапшылар. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық саяси аренада медиаторлық беделі бар. 2015 жылы Түркия мен Ресей арасындағы кикілжіңді шешті, Сирия мәселесін біржақты етуге түрткі болды. Оның аясында Астана процессі өтті. Сондай-ақ, оған Украина мәселесін қосуға болады. Мемлекет басшылары Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа аса мән бермек. Оның негізінде Барак Обаманың тұсында С5+1 жобасы ашылған еді. Яғни, Азияның бес елі Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен АҚШ. Дональд Трамптың аппараты бұл жобаны жалғастыруға мүдделі.
Ричард Хоуланд, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы Елшісі:
- С5+1 бағдарламасын Америка билігі жалғастыруы керек. Себебі, ол аймақтағы тұрақтылықпен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Ауғанстаннан төнетін қауіпті сейілту үшін Орта Азия елдері бірігіп күш жұмылдыруы тиіс. Мәселен, Қазақстан Ауған еліне гуманитарлық көмек көрсетуді үзген емес. Яғни, ресми Астана аймақтағы қауіпсіздік үшін үлкен күш салып жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары аясында бірнеше маңызды құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр. Бұл келісімдер Қазақстан мен АҚШ байланыстарын жаңа деңгейге көтермек.