Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары жалғасуда. Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтоннан кейін Нью-Йорк қаласына ат басын бұрды. Президент бұл жақта бірнеше кездесу өткізіп, бірқатар маңызды шараға қатысады. Солардың бастысы - БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінде өтетін жиын.
Әлемнің ірі қаржы, сауда, халықаралық маңызды саяси-экономикалық орталығы саналатын қалада ертең маңызды шара өтеді. Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде ұйымдастырылатын ядролық қарусыздану және сенім шараларын нығайту жөніндегі басқосуға қатысады. Арнайы баяндама да жасайды. АҚШ сарапшылары Мемлекет басшысының бұл сапарын жалпы жоғары бағалап отыр. Қазақстанның көтеріп отырған өзекті мәселелерін қолдауда. «Қазақ елі Әлем болашағына қауіп төндірген маңызды мәселелерді шешуге нақты үлес қоса алады», - дейді олар.
Дэвид Уивер, БҰҰ жанындағы Әлемдік саясат форумы төрағасының кеңесшісі:
- Қазақстанның әлемдегі бейбітшілікке қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу және қуаты жөнінен төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімін бүкіл жер шары біледі және қолдайды. Қауіпсіздік кеңесте де Қазақ елінің көтеріп отырған мәселелері өзекті. Президенттің Қауіпсіздік кеңесінде өтетін брифингке жеке қатысуы Қазақстанның аталған жаһандық мәселеге ерекше назар аударатындығын білдіреді.
Мемлекет басшысының ертеңгі баяндамасын беделді сарапшылар асыға күтуде. Өйткені, осыдан екі жыл бұрын Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған соғыссыз, зорлық-зомбылықсыз болашақ құруға шақыратын «Әлем 21 ғасыр манифесі» xалықаралық мінберлерде жан-жақты талқыланды. Тіпті, ол манифест БҰҰ ҚК ресми құжаты мәртебесін де алды. Ұйымның бас xатшысы Антониу Гуттерештің де Қазақстанға ықыласы ерекше екенін айта кеткен жөн. «Қазақ елінің БҰҰ ҚК төрағалық етуі тек біздің ел үшін емес, жалпы бүкіл Орталық Азия үшін де тиімді», - дейді сарапшылар. Өйткені, Қазақстан Аймақтағы терроризмге қарсы күрес, энергетикалық, су және азық-түлік қауіпсіздігі секілді ортақ проблемаларға БҰҰ ҚК-нің назарын аудартады.
Бақытжан ОМАР