Еуразиялық экономикалық одақтың өз телеарнасы болуы керек. Сенаттың комитет басшысы Дариға Назарбаева Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисянмен кездесу барысында осындай пікір білдірді. «Ақпараттық кеңістікте интеграциялық процесс жеткілікті деңгейде насихатталып жатқан жоқ», - дейді сенатор. Жалпы, бірнеше күнге созылған сапар барысында Дариға Назарбаева Ресейдің қос палата төрағаларымен де көкейкесті мәселелерді талқылады.
Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстан-Ресей серіктестігін дамыту және интеграцияны одан әрі тереңдетудің нақты жоспары керек. Дариға Назарбаева Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Ол өз кезегінде Дариға Назарбаеваны биылғы қыркүйекте өтетін Еуразиялық әйелдер форумына қатысуға шақырды. «Түйіні көп түйткілдерді тек бірлесе шеше аламыз», - деді.
Валентина Матвиенко, РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы:
- Бұл формат біздің ойымызша, Федерация Кеңесі мен Қазақстан Сенатының арасында өте тиімді ынтымақтастықты дамытуға оң әсерін тигізеді. Сондықтан, басқа комитеттерге бұл тәжірибені енгізу үшін кездесулер ұйымдастырып тұру қажет.
Қазіргі таңда көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойылғанмен, бюрократиялық кедергілер бар. Кәсіпкерліктің әлеуетін арттырып, азаматтардың арасындағы алыс-берісті күшейту керек. Парламенттер арасындағы байланыс бейінді комитеттердің арасында да болу керек.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұл - ашық диалог алаңы. Бүгін біз Мәскеуде кездессек, ендігі жиын Астанада өтетініне сенеміз. Келесі келіссөздердің жоспарын да бекітіп үлгердік. Еуразиялық экономикалық одақ аясында қол қойылатын құжаттар мен келісімдерге де назар аударуымыз қажет. Өйткені, көп жағдайда Парламентке ратификацияға дайын құжаттар келеді, оның мазмұнына өзгерту енгізу мүмкін болмайды.
Дариға Назарбаева Мемлекеттік Дума төрағасы Вячеслав Володинмен халықаралық парламенттік ұйымдар аясындағы жұмыс жайын талқылады. Жалпыдан жалқыға, сөзден іске көшетін кез келді. Ұлттық заңнаманы үйлестіру мәселелері де сөз болды. Сонымен қатар, Дариға Назарбаева Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисянмен өзекті мәселелерді көтерді. Еуразияллық интеграция мәселесі Қазақстанның күн тәртібінде маңызды орын алған тақырып екенін жеткізді.
Индира БЕГАЙДАР