Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезияда бірқатар екіжақты кездесу өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезияда бірқатар екіжақты кездесу өткізді

13.03.2018

Алдымен ел Президенті Джоко Видодомен ынтымақтастық мәселелерін талқылап, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы қазан айында Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын жеткізіп, Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне қатысуға шақыруды табыс етті. Екі елдің арасындағы ынтымақтастық нығая түспек. Атап айтқанда, «Қазақстан - Ляньюньган порты  – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы теңіз порттары» көлік дәлізінің мүмкіндіктері сауда-экономикалық ынтымақтастығын тереңдетуге ықпал етпек.

Сондай-ақ, Сенат Төрағасы Индонезия Халық кеңесшілері конгресінің төрағасы Зулкифли Хасанмен парламентаралық байланыстарды нығайту жайын қозғады. Индонезия тарапы Қазақстан Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асырудағы жоспары мен саяси және рухани жаңғыру бағдарламасына ерекше ықылас білдірді.

Жоғары палата төрағасының Индонезия Халық өкілдері кеңесінің төрағасы Бамбанг Сусатиомен кездесуінде заң шығару органдары ықпалдастығы туралы айтып, екі елдің заң шығару органдарында қызмет ететін депутаттық достық топтарының жұмысын күшейтуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Индонезия Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әріптесі. Екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл болды. Біз өзара сыйластық пен ортақ көзқарастың арқасында белестерді бағындыра білдік. Кездесулер барысында екіжақты әріптестікті дамытудың тиімді тұстарын талқыладық. Біздің саяси, экономикалық, мәдени әріптестікті арттыру өзекті.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу