Нұрсұлтан Назарбаев: Астана процесі өз міндетін атқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев: Астана процесі өз міндетін атқарды

16.03.2018

Сириядағы жағдайға байланысты Астана процесі өз нәтижесін бере бастады. Бұл туралы бүгін Ақордада үш елдің Сыртқы істер министрін қабылдаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Маған белгілі мәлімет бойынша 400 мың адам опат болған. Олар қарттар, әйелдер, балалар. Бұл жалпы аймақтағы келеңсіз жағдай. Оны реттеу үшін ауқымды түрде жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз сіздердің жұмыстарыңызды көріп жүрміз, оңай емес. Бірі қолдаса, бірі қолдамай жатады. Бірақ, соған қармастан, Астана процесі өз міндетін атқарды. Сіздердің елдегі менің әріптестерімнің өтінішімен біз еркін алаң ұсындық. Осында өткен барлық раундтар Сириядағы соғысты тежеуге әсер етті. Осы жерде айту керекпіз, Астана процесі Женева процесіне жан бітірді, біздің жұмысымыздың арқасында. Астана процесінің басталғанына жылдан асты, нәтижесінде қазіргі жағдай мүлдем басқа. Бұл жерде сіздер кепілгер ел ретінде үлкен рөл атқардыңыздар, сыртқы ведомство басшылары осы тақырып төңірегінде үлкен еңбек сіңірді. 

Елімізде өткен осы Астана процесі жұмысына және еркін алаң ұсынған Қазақстан тарапына кепілгер елдер өз ризашылықтарын білдіріп алғыс айтты. Сирия үкіметі мен оппозициялық партия өкілдерінің бетпе-бет кездесуіне Түркия, Ресей, Иран елдері бақылаушы әрі кепілгер ретінде қатысты. Астана процесінің раундтары бір жылдан астам уақыт жүрді. Әдепкіде күмән туғызған кездесу уақыт өте келе ушыққан мәселені шешуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде атыс-шабыс тоқтады. Барлық аймақтар кепілгер мемлекеттермен бақылауға алынды. Қазір жергілікті халықтың жағдайын түзеуге арналған жұмыстар басталып гуманитарлық көмек жіберуге жол ашылды.  

Мохаммад Джавад Зариф, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі:

- Біз Қазақстан тарапына зор алғыс білдіреміз. Еркін алаң ұсынып, барлық тарапты бір үстел басына жинады. Нәтижесінде қақтығыстар тоқтап, елге гуманитарлық көмек көрсетуге жол ашылды. Осы Астана процесі барысында біз нәтижеге шығып келе жатқанымызды анық көріп тұрмыз. 14 ай ішінде үлкен жұмыс атқарылды.

Мевлют Чавушоглу, Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі:

- Қазақстан Президенті, біздің ақсақалымыз бүгін бізді өз резиденциясында қабылдады. Біз шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Бастысы, осы Астана процесін жүргізуге рұқсат бергені. Бір жылдан астам уақыт ішінде біз үлкен нәтижеге жеттік. Қазіргі жағдай бойынша атыс-шабыс тоқтады. Енді саяси шешімдер қабылдау процесіне көштік. Бүгін біз осы ұстанымымызда қалатынымызды тағы да нақтылай түстік. Сол үшін осы жерде кездесуді жалғастыра беретін болып шештік. Астана процесінің келесі басқосуы мамыр айының ортасына жоспарланып отыр.

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

- Өз атымнан және осында қатысушы әріптестерімнің атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғысымды білдіремін. Астана процесінің осы жолы өткен кездесуі Сыртқы істер министрлері деңгейінде өтті. Сириядағы жағдайды ретке келтіруге күш салу бойынша жақсы нәтижелі жұмыс болды. Біз жылдан астам уақыт осы процестің жұмысын қадағаладық. Гуманитарлық көмек беру тұрғысынан көп мәселе шешіліп келеді. Сириядағы қазіргі жағдай тұрақтана бастады. Енді саяси шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.

Осы Астана процесі әлем назарын бұрды. Бірақ, күдікпен қарағандардың күмәні сейілді. Жылдан астам уақытқа созылған келіссөздердер нәтижесі қатысушы тараптардың барлығы Қазақстанға және Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа зор алғыс білдіруде. Сириядағы жағдайы одан әрі ретке келтіру үшін келіссөздерді жүргізу жалғаса береді.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу