Екі жақ әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында қарым-қатынасты еселей түспек. Түрікмен жеріне Маңғыстау облысынан барған делегация бірқатар құжаттарға қол қойып, ортақ келісімге келді. Енді көршілес елмен ауыл шаруашылығы , өнеркәсіп, көлік-логистика саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
Осыдан тура бір жыл бұрын Түрікменстан Президенті Қазақстанға ресми сапармен барған болатын. Мемлекет басшыларының кездесуі кезінде бірқатар келісімдерге қол жеткізілген. Осы ынтымақтастықты арттырып, стратегиялық әріптестікті нығайта түсу. Маңғыстаулық делегацияның мақсаты осы. Екі елдің іскерлері өзара ақпарат алмасып, тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік алды.
Еліміз ұн экспорты бойынша әлемде екінші орында. Жылына 2,3 млн. тонна ұнды шетел асырады. Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай қазақ ұнын импорттаушы елдер. Түрікменстанда да сапалы бидайға тапсырыс беріп отыр. Жергілікті кәсіпкерлер біздің ұнымызды жылына 80 мың тоннаға дейін тұтынуға мүдделі. Сондықтан, сауда-саттықты арттыру екі елге де тиімді болмақ.
Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:
- Жаңаөзеннің айналасында ашуға толық мүмкіндік бар. Егер бұл жақтан нақты үлкен ниет болатын болса, онда шекаралық сауда жасауға арнайы орын бөліп, мүмкіндік жасаймыз.
Маңғыстау облысы мен Түрікменстан Республикасы арасындағы тауар айналымы өткен жылы 4,5 миллион доллардан асты. Ендігі осы көрсеткішті еселей түсу керек. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірнеше келісімдер бекіді. Екі жақ өзара жеміс-жидек, көкөніс тасымалын арттыра түседі. Сондай-ақ, осы жолы түрікмендерден маңғыстаулықтар асыл тұқымды аруана түйесінің 3 мыңын алатын болып уағдаласты.
Серік Қалдығұлов, Маңғыстау облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Жеке кәсіпкерлер өз қаражатына алып беруге дайын. Түрікменстан арасындағы келісімді шешу керек.
Түрікмен мен қазақ шағын және орта бизнесті де бірлесіп дамытуға мүдделі. Іскер топ өкілдері жиһаз өндіру саласы бойынша ортақ жобаларды жүзеге асыру үшін келісімге келді. Алыс-берісті молайту үшін барыс-келіске жағдай жасау қажет. Қазір Кендірліден Түрікменстанның шекарасына дейінгі 164 шақырым автожол құрылысының техникалық-экономикалық негіздемелері жасалуда. Болашақта әуе рейсін ашу жоспарда бар.
Сатлык Сатлыков, ТР Балқан уәлаятының хякимі:
- Солтүстік-Оңтүстік дәлізі бойынша жұмысты жандандыру турасында пікір алмастық. Жақында салынған Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолы бойынша жүк тасымалын арттыру екі жаққа да пайдалы болатыны белгілі.
Ал, таяу күндері Түрікменбашыда жаңа теңіз порты ашылады. Демек, жақын орналасқан Құрық порты арқылы да қатынасты арттыруға мүмкіндік молая түспек.
Гүлнұр ҒАЗИЗҚЫЗЫ