ШЫҰ «Үлкен еуразиялық сегіздік» форматында өтетін алғашқы саммитке қызу дайындық үстінде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШЫҰ «Үлкен еуразиялық сегіздік» форматында өтетін алғашқы саммитке қызу дайындық үстінде

04.05.2018

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы «Үлкен еуразиялық сегіздік» форматында өтетін алғашқы саммитке қызу дайындық үстінде. Бұл жолғы саммитте Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары жаңа үлгіге ие болған құрылымды дамытудың тетіктерін, халықаралық, аймақаралық өзекті мәселелерді талқылайды деп күтілуде. Саммитте көтерілетін түйткілдерді алдын ала пысықтап алу үшін ұйымға мүше елдердің сарапшылары бүгін Астанада бас қосты. Олардың ішінде Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Беларусь пен Орталық Азия мемлекеттерінен келген делегациялар бар. Көпжақты диалогта еліміздің атынан Әлемдік экономика және саясат институты өкілдік етіп отыр. Ал, саммиттің өзі маусымда Қытайдың Циндао қаласында өтеді. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп жоспарланған. Былтырғы саммит барысында Үндістан мен Пәкістанды Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қабылдау үрдісі сәтті жүзеге асып, тарихи келісімге қол қойылған еді. Бұл жолғы жиында жаңа мүше-мемлекеттер ұйымға жаңа леп, тың талап әкеледі деген үміт бар.

Серік Бейсембаев, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Аймақтағы қауіпсіздіктің негізгі мәселелерінің бірі бұл – терроризм мәселесі. Одан кейін экономикалық қауіпсіздік мәселесі. Әсіресе, Батыс елдер тарапынан Ресейге қатысты салынған санкциялардың осы аймақтың дамуына әсер етуі. Оның теріс салдарын болдырмау үшін ШЫҰ елдері ортақ қандай әрекеттер жасау керек және де сонымен бірге, ШЫҰ болашақта тұрақты жұмыс істеу үшін нәтижелі жұмыс істеу үшін қандай тағы қосымша инфраструктуралық, саяси, жүйелік шешімдер керек? Соған қатысты ғалымдар, сарапшылар өзара пікір алмасып, ортақ бір мәмілеге келуге тырысады.

 

Альбина ӘШІМ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу