Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің үздік тыңдаушыларына Мемлекеттік хатшының өзі сәттілік тілеп, оларға қойылған мақсат-міндеттерді айтып берді. Гүлшара Әбдіқалықова қазір елімізде Ұлт жоспары іске асырылып жатқанын ерекше атап өтті. Оның басты бағыты – кәсіби мемлекеттік аппарат жасақтау. Ал, цифрландыру дәуірі мемлекеттік аппараттың үнемі ізденісте болып, заманға сай жаңғырып тұруын талап етеді. Сондықтан, бүгінгі ұлттық мектеп тыңдаушыларына үлкен жауапкершілік артылды. Білімдері мен қабілеттерін жетілдіріп, сол қазынасын ел игілігіне тиімді жарата білу. Айта кетейік, Мемлекеттік саясат ұлттық мектебі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2008 жылы Мемлекеттік басқару академиясының жанынан құрылған еді. 10 жыл ішінде білім ордасы 140 мемлекеттік басқарушыны даярлап шығарды.
Гәкку Ысқақова, Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің тыңдаушысы:
- Ұлттық саясат мектебінің тыңдаушысы ретінде тәртіп, тиімді басқару мемлекетіміздің өркендеуіне, гүлденуіне тікелей әсер етеді деген сенімдемін.
Альбина ӘШІМ