Осы жексенбіде өтетін Каспий жағалауы елдерінің кезекті саммитінде теңіздің құқықтық мәртебесі шегенделеді деп күтілуде. Бұған дейін де теңіз шекарасын айқындау мақсатында біршама жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде теңіз жағалауындағы бес мемлекет арасында транзиттік қатынас бойынша еш кедергі жоқ. Шараға дайындық жұмыстарының жүріп жатқанына бірнеше жыл болды.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау жұмысы 1996 жылы басталды. Содан бері төрт елде Иран, Әзірбайжан, Түркіменстан және Ресейде арнайы саммит өтті. Енді міне, бесінші саммит Қазақстанда өткелі тұр. Тамыздың үші күні Ақордада осы жиында көтерілетін негізгі мәселелер бір пысықталды. Негізгі меже Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қою.
Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Осында қол қойылатын негізгі құжат - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы негізгі Конвенция. Ол жағалау мемлекеттерінің Каспийді пайдалануға қатысты құқықтары мен міндеттемелеріне байланысты барлық мәселелер кешенін зерттеуді мұрат етеді.
Егер осы конвенцияны бес мемлекет бірауыздан қабылдар болса, теңіздегі тіршілік қыза түспек. Ең әуелі теңіз табаны арқылы құбыр тарту жұмыстары қолға алынады. Мәселен, Түркіменстан мен Әзірбайжан теңіз астымен газ құбырын жүргізуге ынталы. Ал, Қазақстан теңіздегі транзиттік әлеуетін күшейтуге мүдделі. Өйткені, Қытайдан келетін жүкті Қорғастағы құрғақ порт арқылы Каспийдегі Құрық портына дейін еш кедергісіз жеткізуге мүмкіндік бар.
Найля Әлмұхамедова, сарапшы:
- Қазақстан үшін де үлкен артықшылықтар бар. Тек қана энергетикалық кәсіпорындарды дамытуға ғана емес сонымен қатар, транспорттық-транзиттік әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді. Себебі, қазіргі уақытта Ақтауға үлкен көңіл бөлінуде. Былтырғы жылы Құрық порты жаңадан салынған болатын. Осы порт арқылы кемелер Әзірбайжанға Аляк портына барады. Одан кейін жаңа темір жол салынған болатын. Егер де келісімге қол қойылса, онда бұл барлық аймақ үшін үлкен нәтиже.
Бесінші Каспий саммитінің аясында көп жылғы келіссөздерді аяқтап, нақты шешім қабылданады деп жоспарлануда. Каспий жағасындағы елдердің теңізді пайдалану жөніндегі құқықтары мен міндеттеріне байланысты бүкіл мәселе реттеледі. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция Каспий маңы елдері арасындағы өзара тиімді экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға мүмкіндік бермек.
Нысаналы ЫҒЫЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.