Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің үкімет басшыларымен кездесті. Президент ұйым аясындағы экономикалық кооперацияны кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.
ТМД елдері көрсететін қызметтердің еркін саудасы туралы келісімді жүзеге асырудың қажеттілігін айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Душанбедегі Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында жария етілген жаңа ұсыныстарды еске салды.
Әсіресе, ТМД аясында сауда кедергілерін жою, көлік-логистика және туризм салаларындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға ден қойылды. Былтыр Достастық елдері арасындағы сауда айналымы 164 млрд. долларға жетіп, 25 пайызға өскен. Мұндай үрдіс биыл да жалғасын табуда.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Барлық бағыт бойынша тиімді шаралар кешенін әзірлеу – маңызды міндет. Бұл бастамалардың жүзеге асырылуы экономиканың дамуына септігін тигізіп қана қоймайды, сондай-ақ, мемлекеттеріміз арасындағы достық әрі тұрақты қарым-қатынастарды нығайтудың маңызды факторына айналады. Батыс елдері жасанды интеллектке жол ашатын 5G форматындағы интернетті белсенді түрде қолдануда. Бізге оны дамыту ісімен айналысу керек. Мұны әрқайсымыз жеке-жеке іске асыра алмаймыз.
Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағаса Дмитрий Медведев баяндама жасады.
Дмитрий Медведев, РФ премьер-министрі:
ТМД-ның рөлі жайында біз сізбен бірнеше мәрте пікір алмастық. Оның артықшылығы мен жетпей жатқан кемшіліктері болса да, бұл біз үшін маңызды алаң дер едім. 2011 жылғы келісім бойынша еркін сауда айналымы жөнінде бекіген құжат бар. Соған сәйкес биылғы жарты жылдықта тауар айналым көрсеткіші 15 пайызға өскен. Яғни біздің ұстанған бағытымыз жемісін беруде.
Дулат НУРКИН