Бұған дейін елімізде бұл салаға қатысты құжат болмаған. «Мәдениет туралы» заңда фильмдердегі ұлттық тіл, прокат сияқты кино қатынастарды реттейтін алты бап қана болған. Жаңа құжатқа сәйкес, ұлттық киноны қолдау орталығы құрылады. «Қазақфильм» кино өндіруші компания ретінде өзінің негізгі қызметімен айналысып, кинофабрика жұмыс істейді.
Кино өнер ме, бизнес пе? Не де болса, ол ең алдымен халықтың мүддесіне, ұлт мұратына қызмет етуі керек. «Ал, қазіргі киноның сапасы көңіл көншітпейді»,- дейді депутаттар. Соңғы кездері кино түсіру еріккенің ермегіне, науқаншылдыққа айналып кеткен сыңайлы.
Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Фильмдерде тіл тазалығы жоқ. Мысалы, Шәмші 60-шы жылдары баласымен әңгіме айта отырып, орыс тіліне ауысып кетеді. Барлық фильмдер осыған көшіп бара жатыр.
Олқылықтың орнын жою үшін жаңа құжатқа сәйкес киноның сценарийін қарайтын, талдайтын кеңес құрылады. Үкімет жанынан ведомствоаралық комиссияның сараптамасынан өтеді. 2017 жылы көрерменге 263 шетелдік, 26 ұлттық және 15 ресейлік фильм ұсынылған. Бұл - кинопрокаттың ресми статистикасы. Жалпы, Қазақстанда тұрғындардың жартысына жуығы ауылда тұрады. Ал, онда кинотеатр атымен жоқ.
Бекмырза Еламанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Кинотеатрларда мемлекеттік тілдегі қойылымдардың аздығы және оның қойылу уақытының қолайсыздығы тұрғындардың ренішін тудырып жатыр.
Фильмдердің өндірісі кезінде инвестор үшін киноөндіруші компанияларды қосымша құн салығынан босатады. Сондай-ақ, фильмдердің құқық иеленушілерін және ұлттық фильмдерді көрсеткен кинотеатрларды корпоративтік табыс салығынан босату көзделіп отыр. Біздің кинонарықта 17 пайыз ұлттық, 7 пайыз Ресей, 80 пайыз Голливуд фильмдері. Жаңа заң жобасында ел аумағына кірген фильмді қазақ тіліне дубляждау, болмаса субтитрлеу мәселесі міндеттелген. Дегенмен, қабылданған құжаттың шикі тұстары бар екенін депутаттар да мойындап отыр.
Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Заң жобасының жетілдіретін тұстары көп. Оны біз комитеттердің отырысында да айтқанбыз. Ол қабылданып кетті.
Сала мамандарынан әлі де ұсыныстар түсіп, «заңнама жетілдіріле ме?» деген үміт бар депутаттарда. Яғни, бұл мәселеге әлі нүке қойылмады деген сөз.
Индира БАГАЙДАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.