Миланда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Миланда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің отырысы өтті

11.12.2018

«Батыс пен Шығыс арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, халықаралық ұйымдардың ынтымағын біріктіруге бағытталған Президент Н.Назарбаевтың бастамаларын жаһан жұрты қолдауы тиіс». Миланда өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің отырысында делегаттар осындай мәлімдеме жасады. Қазақ тарапы осы мәртебелі ұйымның Астанадағы бағдарлама кеңсесін тақырыптық орталыққа трансформациялауды ұсынды. Жаңа құрылым өзара байланысты арттырып, тәжірибе алмасуға септігін тигізбек. 

Жаһандық түйткілдер ушыққан тұста Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тиімділігін арттыру - басты міндет. Батыс пен Шығыс арасындағы өзара сенімді күшейтуге қатысты ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлері делегаттары өз талап-тілектерін жеткізді. «Қазақстанның, Президент Н.Назарбаевтың тың ұсыныстары бәрінен де өміршең»,-дейді басқосуға қатысқандар.

Георгий Церетели, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрағасы: 

- Мен қазақ Президенті Н.Назарбаевтың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін 2020 жылы Астанада өткізу туралы ұсынысын қолдаймын. Ұйымды күшейтуге бағытталған жоғарғы деңгейдегі мұндай саяси диалогты, мүмкіндікті ұйым басшылығы қалт жібермейді деген сенімдеміз. Себебі, қазіргідей күрделі кезеңде ұйымның өзектілігін арттыру өте маңызды.

Ламберто Занньер, ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары:

- Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына өте сәтті төрағалық етті. Әрі 2010 жылы Астанада өткен ұйымның соңғы саммитінде қабылданған тұжырымдамалар қазір де өзекті. Еуразия аймағына қарай кеңею бастамасы құптарлық. Өйткені, жаһандық проблемалармен біз жалғыз күресе алмаймыз, күш біріктіру арқылы ғана нәтижеге қол жеткіземіз.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы кеңістігінде экономикалық өзара байланысты нығайту үшін Қазақстан тарапы ұйымның Астанадағы Бағдарлама кеңсесін тақырыптық орталыққа айналдыруға ұсыныс жасады. Жаңа құрылым сауданы жаңғырту, «жасыл» экономиканы дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тың жобаларды жүзеге асырмақ.

Қайрат Сарыбай, ҚР Австриядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ҚР Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі:

- ЕҚЫҰ шеңберінде бұл концепцияға қазіргі кезде көп делегациялар өзінің қолдауын білдіріп жатыр. Өйткені, қиын-қыстау заманда, кей кезде ыстық-соғыс жағдайына келіп жатқан жағдайларымыз бар ЕҚЫҰ шеңберінде. Сондықтан, қазір осы диалогқа, экономикалық байланыстыққа зәрулік артып келеді.

Жүзеге асыруға болатын ортақ жобаларды еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бастаған қазақстандық делегация өкілдері Миланда бірқатар екіжақты кездесулер аясында талқылады. Биыл бір жыл бойы ЕҚЫҰ төрағалық еткен Италияның сыртқы істер министрі ұйымның жұмысына белсенді қатысқан қазақ еліне алғысын жаудырды. Төрағалықты қабылдаған Словакия басшылығы да келесі жылы қазақстандық әріптестерімен қоян-қолтық жұмыс істеуден үмітті.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу