Қазір Қазақстанның 57 мемлекетте елшіліктері жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазір Қазақстанның 57 мемлекетте елшіліктері жұмыс істейді

12.12.2018

Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген үлкен жетістіктерінің бірі - әлем елдерімен, ірі халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас орнатуы. Олай дейтініміз, қазір біздің елдің 57 мемлекетте елшіліктері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, халықаралық ұйымдардағы өкілдіктер мен Бас консулдықтар ел мен елді жақындастыруға қызмет етеді. Тек байланыс орнатып қана қоймай, жобалардың авторы ретінде таныла бастады.

1991 жылы әлем картасына ондаған жас мемлекет енді. Оның ішінде Қазақстан да бар. 16 желтоқсан күні Түркия Тәуелсіздігімізді алғаш таныса, артынша, бас-аяғы екі аптаның ішінде Ресей, АҚШ, Жапония, Швейцария, Венгрия егемендігімізді мойындады. Осыдан басталған дипломатия жолы бүгінде біраз жетістікке жетті.

Қазір Қазақстанның 57 елде елшілігі, 5 халықаралық ұйымда өкілдігі, 3 дипломатиялық миссиясы, 12 Бас консулдығы, 18 консулдығы жұмыс істейді. Қазақстанда да 28 халықаралық ұйым өкілдігі бар. 70 елші тұрақты қызмет етеді. Мысалы, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісінің биыл миссиясы аяқталды. Жаңа сенімді өкіл Теодор Линг қызметіне енді кірісті. Қазір қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарды зерттеп жүр.

Теодор Линг, АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі:

- Қазақстанға келгенге дейін мен ағылшыннан бөлек, орысша сөйлеп жүрдім. Себебі, дипломатиялық жұмыспен Ресейде де жұмыс істедім. Енді қазақша үйреніп, сөйлеуге тырысамын. Алдағы 2 жылда қазақшаны меңгеремін деп үміттенемін.

Қазақстанның халықаралық ұйымдармен әріптестігі де жаңа деңгейге шықты. Біздің ел Еуроодақтың Азиядағы сенімді серіктесі, Біріккен Ұлттар Ұйымының белді мүшесі. Еуропалық одақпен кеңейтілген әріптестік құжатын қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Жас болса да Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне табысты төрағалық етті. Өңірлік деңгейде де жаһандық бастамалардың көш басында. Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы негізінде әлемдегі ірі ұйымдардың бірі Еуразиялық Экономикалық Одақ құрылды. Ұйым келесі жылы алғашқы мерейтойын атап өтеді.

Сергей Рыченко, Қазақстандағы Беларусь Республикасы елшілігінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі:

- Нұрсұлтан Әбішұлы Еуразиялық Экономикалық Одақтың мерейтойлы шараларын келесі жылы Астанада өткізуді ұсынды. Бұл одақтың және Қазақстан мен Беларусь арасындағы маңызды шаралардың бірі болмақ. Қазір екі ел арасында шешілмеген мәселе жоқ. Саяси байланыстар мен алыс-беріс өте жоғары деңгейде.

Осылайша, Қазақстан 27 жылдың ішінде әлемдік қауымдастықтың көшбасшысына айналып, саяси шиеленістерді шешетін, дінбасыларының басын қосатын, экономикалық үрдістерді талқылап отыратын алаңға айналды.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу