Сарышұнақ аязда Үкімет халыққа «жылу» сыйлауға уәде етті. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қыс қаһары жылыту маусымына әсер етпейтініне сендірді. «Яғни, жылу электр станцияларының қазіргі жағдайы тұрақты, қазандықтар істен шықпауы тиіс», - дейді Энергетика министрі. Сондай-ақ, министрлер кабинеті тарифтерді тағы бір таразылады.
Қыс қаһарына мінгендіктен, бүгінгі Үкімет отырысының алғашқы мәселесі де осыған арналды. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев аязды күндері қажет болса, жылу-электр станцияларында тәулік бойы кезекшілік атқаруды тапсырды. Ал, Энергетика министрі биылға жоспарланған электр станцияларындағы жөндеу жұмыстары ойдағыдай өткендіктен, жағдай тұрақты екеніне сендірді. Биыл 500 қазандық қалпына келтірілген екен. Отын қоймаларында осы маусымға жетерлік 4 млн тонна көмір мен 112 мың тонна мазут сақтаулы. Демек, халық тоңып қалмауы тиіс.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
- «Жылулық болмай, қар кетпес» демекші, тұрғындар биылғы жаңа жылды жылы әрі жақсы көңіл күймен қарсы алуына барынша жұмыс жасап жатырмыз.
Ал, халық тарифтердің төмендегенін сезіне ала ма? Елбасының бұл тапсырмасын елемей жүрген өңірлер де бар екен. Мәселен, кей аймақтарда коммуналдық төлемдер мен жол ақысы төмендемеген. Бұл мекемелер әкімдіктерге қарайтындықтан, Премьер-Министр бұл мәселе үшін облыс басшылары тікелей өздері жауап беретінін ескертті. Дегенмен, үлгі қыларлық өңірлер де жоқ емес.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Халық үшін суға арналған тариф Жамбыл облысында 22 пайызға дейін төмендетілді. Одан басқа келесі жылдың қаңтарынан бастап халық үшін қалған 16 өңірде тарифтерді төмендету 3 пайыздан 22,7 пайызға дейін болжанып отыр.
Тарифтерді төмендету бойынша шешімдерді жаңа жылға дейін қабылдау тапсырылды. Жаңа жыл демекші, мереке алдында құны көкке ұшатын азық-түліктің бағасын қадағалау қажеттілігі де атап өтілді. Бақытжан Сағынтаев: «тек орамжапырақ пен қанттың қымбаттауына себеп бар, ал қалған өнім бағасының өсуі негізсіз»,-дейді. Сондықтан, Ұлттық экономика министріне базардағы бағаны тұрақтандыруды тапсырды.
Осы сияқты жоспарланған міндеттер мен берілген уәделердің тағы қайсысы сөз жүзінде қалып қойды? Министрлер кабинеті ит жылына бөлінген бюджетті игере алды ма? Мұның бәрі желтоқсанның 29-ы Үкіметтің қорытынды отырысында белгілі болады.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.