Үкімет отырысында халықты баспанамен қамту, шағын және орта бизнесті жандандыру мәселесі талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысында халықты баспанамен қамту, шағын және орта бизнесті жандандыру мәселесі талқыланды

22.01.2019

Баспаналы болу тағы да жеңілдей түсті. «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған үйлер «7-20-25» ипотекасының шарттарымен сатылмақ. Барша халық үшін. Сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» қаржысын құйып, жылдар бойы кезекте тұрған салымшылар да осы «Нұрлы жермен» үйлі болады. Тіпті, үй-күйі барлар да «7-20-25» бағдарламасының шарапатын көрмек.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:

- Бұл тұрғын үй талаптарын жақсартатын көпбалалы отбасылар, балаларына баспана сатып алатын ата-аналар, басқа географиялық өңірге көшетін азаматтар болуы мүмкін. Халықтың қажеттілігін назарға ала отырып, Ұлттық банк Үкіметке бағдарламаға меншік құқығында баспанасы бар азаматтарға қатысу құқығын беру мүмкіндігін зерделеуді ұсынады.

Аз жалақы алатындар аз салық төлейді. 1 қаңтардан бастап айлығы шайлығына жетпейтін жандардың салық жүктемесі жеңілдетілді. 10 пайызға. Салықты азайтудан шыққан қаржының есебінен олардың еңбекақысы еселенбек.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

- Салық кодексінде жалақысы 63125 теңгеден төмендер үшін тәртіп өзгерді. Олардың салық жүктемесі 10 есе төмендетілді және 2 млн жұмысшы жылына 15 мың теңгеге дейін қосымша кіріс алады.

Ал, үшінші бастамаға сәйкес, биыл елімізде 5 мың студентке жатақхана беріледі. Жұмыс жүйелі жүргізілсе, 2022 жылы қордаланған мәселе түбегейлі шешілмек. Бұл уақытта кемі 75 мың орындық жаңа жатақхана салынып бітпек.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Қазіргі уақытта, 3,5 ай ішінде бізге 11 мыңнан астам орынға 20 өтініш келіп түсті. 6 500 орынға 12 шарт жасалды. Олардың көбі салына бастады. Қазіргі есеп бойынша 5 мың орын толығымен биыл беріледі. Сонымен қатар, осы айдың соңына дейін 4600 орынға тағы 8 шарт жасау жоспарлануда. Ол келесі жылы берілетін жобалар.

Сондай-ақ, биыл елімізде 14 мыңнан астам адамға шағын несие беріледі. Оның басым бөлігі ауылдағы ағайынға бағытталып отыр. Яғни, 13 мыңдай адам өз кәсібін ашады деген жорамал бар. Осы ретте 62 млрд теңге бөлініп отыр. Ал, Астананы газбен қамтуға бағытталған «Сарыарқа» жобасы аясында құбыр дәнекерлеу жұмыстары 21 наурызда басталмақ.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» халық үшін көкейкесті баспана, жалақы, білім сияқты мәселелерді қамтыған. Осы ретте мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат қыруар. «Алайда, осы қаржы нашар игеріліп жатыр» деген Үкімет басшысы жауапты министрлерге әр бастаманы сапалы орындауды қадап тапсырды.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу