Еуропалық парламент депутаттары да «Nur Otan» партиясын 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, жиында партия төрағасы, Президент Н.Назарбаевтың жасаған мәлімдемесіне жоғары баға беруде. Еуропарламенттің Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі делегациясының жетекшісі Ивета Григуленің айтуынша, жаңа стратегия - дамыған елдерге үлгі боларлық құжат. Себебі бағдарламада әлеуметтің әлжуаз топтарын қолдау, баспанамен қамтамасыз ету, жалақыны, жәрдемақыны көбейту сынды халықтың тұрмысын жақсартуға қажетті құндылықтардың барлығы толық қамтылған.
Ал, депутат Андрей Мамыкинс «дамыған Еуропа елдерінің өзі назардан тыс қалдырған әлеуметтік салаға Ұлттық қордан қомақты қаржы құю - ел әлеуетінің көрсеткіші»,-дейді.
Ивета Григуле, Еуропарламент депутаты, Еуропарламенттің Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі делегация жетекшісі:
- Президент өз баяндамасында қоғамдағы өзекті мәселелерге көңіл бөліп, оны шешудің нақты жолдарын ұсынды. Көпбалалы отбасыларды, көпбалалы аналарды қолдау, оларды баспанамен қамтамасыз ету, жәрдемақыны көбейту - ауқымды көмек. Ұстаздардың, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға көтеру - Батыс пен Еуропа Одағы елдері үлгі алатын қадам. Әрі халықтың тұрмысын жақсартуға Үкімет бюджет шығынының 45 пайызын жұмсайтыны – керемет жаңалық, Біле білсеңіз, бұл қомақты қаржы. Яғни, бағдарламада барлығы халықтың игілігі үшін жасалған. Тың өзгерістер халық пен елдің өркендеуіне септігін тигізері сөзсіз.
Андрей Мамыкинс, Еуропарламент депутаты:
- Қазақстан кейбір мәселелер бойынша Еуропа елдерін басып озып тұр. Мысалы, Президенттеріңіз айтқан балаларға төленетін жәрдемақы менің елім Латвияда 11-16 евро мөлшерінде. Сіздерде 50 евро. Сондай-ақ, маған бағдарламада жол құрылысына қомақты қаржы бөлінетіні қатты ұнады. Себебі, кез келген ел экономикасының қарқынды дамуына сапалы, жылдам жолдардың әсері мол. Сондықтан қазақстандықтар алдағы 4-5 жылда осы бағдарламаның жемісін көреді деген сенімдемін.
Нұрсұлу ҚАСЫМ