Дариға Назарбаева Сенат спикері болды. Бұған дейін Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайым қызметін атқарған ол жасырын дауыс берудің нәтижесінде бүгін Парламент Сенатының төрайымы болып сайланды. Оның кандидатурасын қолдаған сенаторлар Дариға Нұрсұлтанқызы өз елінің шынайы патриоты, терең білімі мен ұшқыр ойларын елдің қарыштап дамуына жұмсайтынына сенім білдірді.
Айта кетейік, Дариға Назарбаева бұған дейін де бірқатар лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Яғни, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, Премьер-Министрдің Орынбасары қызметі және Парламент Сенатының депутаты болған еді.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының спикері:
Мен қазіргі тарихи сын сәтте еліміздің саяси және қоғамдық өміріндегі Парламенттің рөлі мен маңызын терең түсінемін. Елбасымыз қоғамды жаңғырту, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын қолдау мен қорғауды күшейту бойынша маңызды тапсырмалар берді. Елді дамыту стратегиясы мен қойылған мақсаттарды заңнамалық қамтамасыз ету - бірінші кезекте адамдардың өмірін жақсартуға, Қазақстан мемлекетін нығайтып, өркендетуге бағытталған. Сіздерге маған көрсеткен жоғарғы сенімдеріңіз үшін тағы да алғысымды білдіріп, өзімнің барлық білім, қабілетімді алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге жұмсаймын деп сендіремін.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ