Ел экономикасына тың серпін берген ірі жобалардың бірі - «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі. Бұл жол Қытайдан Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне, Ресейдің батыс өңірлері мен Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа бағытына айналды. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бұл жоба аз уақыттың ішінде өзінің тиімділігін дәлелдеп берді.
Ұлы Жібек Жолын бес ғасырдан соң қайта жаңғыртуды ұсынған Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы күллі әлем жұртының назарын аударған еді. Аз уақытта жүзеге асқан бұл ауқымды жоба ел экономикасының негізгі күретамырының біріне айналды деуге негіз бар. Көлік дәлізі еліміздегі халық саны бес жарым миллионға жуық адамды құрайтын 200 елді мекенді қамтыды.
Бұл көлік дәлізінің жалпы ұзындығы 8445 километр болса, оның 2 787 шақырымы біздің елге тиесілі. Яғни, бұл Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облысы халқының әлеуетін көтеруге ерекше әсер етті. Жол бойындағы мыңдаған халық жұмыспен қамтылды, барыс-келіс жеңілдеді. Көлік дәлізінің Ақтөбе облысындағы ұзындығы 600 шақырымнан асады.
«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі – Қытайдан Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне, Ресейдің батыс өңірлері мен Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа бағыты. Ол Шығыс пен Батысты жалғайтын 40 күндік теңіз жолын 4 есе қысқартты. 2009 жылы осы бағыт бойынша 160 мың тонна жүк транзитпен өтсе, 2017 жылдың өзінде ол 600 мың тоннаға жетті. Алдағы уақытта тағы еселеп артатыны сөзсіз. Яғни, ел қазынасына түсетін пайда да артады.
Жақсыбек КЕМАЛ