Мәскеуде интеграциялық процестерді дамытуды көздейтін 40-тан астам мәселе қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде интеграциялық процестерді дамытуды көздейтін 40-тан астам мәселе қаралды

01.04.2019

Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің бірінші вице-премьерлер деңгейіндегі отырысы өтті. Жиынға қазақ делегациясын Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов бастап барды. Басқосу кезінде интеграциялық процестерді одан ары дамытуды көздейтін 40-тан астам мәселе қаралды. Олар: сауда-саттық, экономиканы цифрландыру, өндірістік кооперация, энергетика, кедендік және техникалық реттеу саласы мен ветеринарлық және фитосанитарлық шараларға қатысты жайттар.

Тараптар, сонымен қатар, бірлескен интеграциялық жобаларды әзірлеу барысын да пысықтады. Мәселен, Үкімет басшысының бірінші орынбасарлары ондай жобаларға кемінде одаққа мүше 3 мемлекет қатысуы керек және ол барлық елге де пайдалы болуы тиіс деген тоқтамға келді. Бұдан бөлек, тараптар, өзге елдермен арадағы сауда-саттықта маңызы бар тағы бір мәселені бірлесіп шешті.   

Виктор Назаренко, Еуразиялық экономикалық комиссияның техникалық реттеу жөніндегі министрі:

Үшінші елдермен арадағы сауда-саттықта техникалық кедергілерді жою туралы келісімді бектіу керек деген шешім қабылданды. Бұл соңғы екі жылдан бері талқыланып келе жатқан мәселе. Ол барлық елге маңызды. Себебі, біздің одаққа кірмейтін елдермен немесе интеграциялық құрылымдармен келіссөздер жүргізгенде, өзге елдерден келетін тауарлардың, біздің стандарттарға қаншалықты сәйкес келетінін нақты айта аламыз. Оның принциптері айқындалды.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу