Ауылдардың жолдары жөнделіп, инфрақұрылымы жаңғыртылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылдардың жолдары жөнделіп, инфрақұрылымы жаңғыртылады

29.04.2019

Елбасының былтырғы Жолдауында айтылған ауыл-аймақты қолдауға бағытталған жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Елді мекендердің әлеуметтік ортасын жаңғыртып, жағдайын жақсарту үшін қазынадан қомақты қаржы бөлінеді. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды. Осы мақсатқа жыл сайын тек республикалық бюджеттен 30 млрд теңге жұмсалмақ. Жергілікті әкімдіктердің қаражаты тағы бар. Бұл үлкен қаржы алдымен қандай ауылдарға жұмсалмақ және қанша елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымы жаңғыртылады?

Бүгінде Қазақстан халқының 42 пайыздан астамы, яғни 8 млн-ға жуық адам ауылда тұрады. Алайда урбанизация қарқынымен көпшілік ақырындап қара шаңырақтан көшіп, қалаға келуде. Еліміздің солтүстік аймақтарында болашағы жоқ деген елді мекендердің де саны артып келеді. Қазақстан секілді аграрлы мемлекет үшін тіршіліктің темірқазығы болған алтын бесіктің бойына қан жүгіртіп, ахуалын жақсарту - аса маңызды. Мемлекет 2025 жылға дейін арнайы бағдарлама әзірлеп, кезең-кезеңімен жергілікті жерлердегі мәселелерді шешуді көздейді.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Жоба шеңберінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктері мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүруді қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттердің шешімі табылатын болады. 

«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінген 30 млрд теңгенің шапағатын биыл 52 елді мекен көреді. Олардың дені - болашағы зор деп есептелетін аудан орталықтары. Орта есеппен әрқайсысына 670 млн теңге бөлінбек. Үкімет басшысы бұл жерлердегі негізгі жұмыстарды қыркүйек айына дейін аяқтауды тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Әлеуметтік маңызды инфрақұрылым объектілер мен мектептер, балабақша, денсаулық сақтау орындарын жөндеу, елді мекендердің ішіндегі жолдарды жөндеу осы жылдың қыркүйегіне дейін аяқталуы қажет.

Республикалық қазынадан бөлек әр аймақ өз бюджетінен қосымша ақша бөледі. Қазірдің өзінде облыстар 4,7 млрд теңгені ауылдың гүлденуіне жұмсамақ ниетте. Үкімет бұл жобаға меценаттар мен кәсіпкерлерді де шақырып отыр. Себебі қолынан іс келетін азаматтардың қамқорлығына алынған ауылдар көш ілгері. Оған жарқын мысалдар да жетерлік.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Меценаттар мен кәсіпкерлердің қолдауымен Алматы облысында Жыланды ауылында, Ақмола облысында Родина ауылында, СҚО-да Ново-Никольск ауылында және Қызылорда облысында Нағи Ілиясов ауылында және басқа ауылдарда іске асырылды.

2025 жылға дейін осы жобаның арқасында 2 мыңға жуық тірек ауылдардың жағдайы жақсарып, әлеуметтік ортасы жаңғырады деп күтілуде. Бұл дегеніміз 6 млн-нан астам адамның өмір сапасы жақсарады деген сөз. Ал, осы жоспар қағаз бетінде қалмай, нақты іске асуы үшін жобалық офис құрылып, әр екі апта сайын атқарылған жұмыстың есебі тыңдалады.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу