Салтанатты шараға орай осы елдің премьер-министрінің орынбасары әрі сыртқы және еуропалық істер министрі Мария Пейчинович-Бурич келді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 20-дан астам xорват компаниясы жұмыс істейді. Ірі жобалардың ішінде электрондық денсаулық төлқұжатын енгізумен және протез-ортопедиялық өнімдерді бірлесіп шығарумен айналысатын кәсіпорындарды айтуға болады.
Хорватия - Қазақстан астанасында елшілігін ашқан 70-ші мемлекет. Салтанатты шараға екі елдің ресми тұлғалары қатысты.
Су жаңа елшілікті аралап болған соң, тараптар ресми келіссөздерге кірісті. Соңғы үш жылда екі ел арасындағы алыс-беріс 8 есеге артқан. Тауар айналым 350 миллион долларға тақау. Қос мемлекет мұнай-газ, құрылыс, инновация, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және туризм саласында жан-жақты жұмыс істейді.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Пейчинович-Бучич xаным өзінің сапарын Нұр-Сұлтандағы Хорватия елшілігінің ресми ашылуымен ұштастырды. Бұл - шет мемлекеттің Қазақстандағы 70-ші өкілдігі болды.
Мария Пейчинович-Бурич, Хорватия премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы және еуропалық істер министрі:
- Үкіметаралық комиссияның жұмысы арадағы байланысқа тың серпін береді деп сенемін. Аталған құрылым екіжақты байланыстың қосымша институционалдық базасы болмақ. Соның арқасында Қазақстан азаматтары визаны жылдам алып, Хорватияға сапарлауы жеңілдей түспек.
Келіссөз қорытындысы бойынша екі министр білім мен ғылым саласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Ғабит БӨКЕНБАЙ